ҚР Парламент Сенатының депутаты Алдашев С.Т. экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің отырысына қатысты.
Парламент Сенатының депутаты Алдашев С.Т. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қосымша баяндама жасады.
Комитет отырысы, 24.11.2020 ж.
Сенат Парламенті депутаты
С.Т. Алдашевтың баяндамасы
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасына баяндама
Құрметті Дәурен Зекенұлы!
Құрметті әріптестер!
Ұсынылып отырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасындағы өзгерістер мен толықтырулар ақпарат саласындағы негізгі міндеттерді шешуге бағытталған.
Заң жобасында Қазақстан Республикасының: 1.«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», 2.«Жарнама туралы», 3.«Телерадио хабарларын тарату туралы», 4.«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» 5. «Ақпараттандыру туралы» Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді,соның ішінде:
Мемлекеттік ақпарат бірыңғай жүйесін құру:
- Салалық ведомствоға республикалық және өңірлік деңгейдегі мемлекеттік ақпарат тапсырысын орналастырудың бірыңғай тәртібін айқындау бойынша өкілеттік беру.
- Мемлекеттік ақпарат саясатын қалыптастыру жөніндегі республикалық және өңірлік комиссиялардың мәртебесі заң жүзінде бекітіледі. Оның құрамына үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік орган өкілдері тең дәрежеде енгізілетін болады.
Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген сыраның және шараптың тауар белгісін және атауын жарнамалау ерекшеліктері бойынша бап енгізіледі:
- саламатты өмір салтын танымал ету жөніндегі әлеуметтік жарнаманы қалыптастыру және іріктеу жөніндегі норма регламенттеледі - Денсаулық сақтау және жарнама саласындағы уәкілетті органдармен келісім бойынша телерадио хабарларын тарату саласындағы уәкілетті орган бекітетін салауатты өмір салтын танымал ету жөніндегі әлеуметтік жарнаманы отандық телеарналарда қалыптастыру және орналастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асыру ұсынылады.
Ақпарат саласында бақылау мен жауапкершілікті күшейту:
- Ақпаратқа қол жеткізу саласына жауапты уәкілетті органды анықтау және оның құзыретін айқындау.
- Әрбір мемлекеттік органда уәкілетті құрылым немесе осы салаға жауапты қызметкерді белгілеу.
- Мемлекеттік функцияларды орындаушы ұйымдарды ақпарат иелері қатарына жатқызу және квазимемлекеттік сектор мен басқа да ұйымдарды ашық деректерді жариялауға міндеттеу ұсынылады.
Заң жобасындағы өзгерістердің мемлекеттік бюджеттің шығыс немесе кіріс бөлігіне қандай да бір әсерін тигізбейді.
Заң жобасы оны әзірлеушілердің қатысуымен жұмыс тобының отырысында қаралып, туындаған бірқатар сұрақтарға қанағаттанарлық жауаптар алынды. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік Комитеті мүшелерінен ескертулер мен ұсыныстар болған жоқ.
Аталған заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын және бас Комитетке ескертпелерсіз жіберуге ұсынамын.
Назарларыңызға рахмет!