Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

ҚР Парламент Сенатының депутаты Алдашев С.Т. Маңғыстау облысының Қошқар Ата қалдық қоймасының экологиялық мәселесі жөнінде депутаттық сауал жолдады.

09.09.2021 57

                               Қазақстан Республикасы

                                                                          Экология, геология және

                                                                               табиғи ресурстар министрі

                               М.М.МЫРЗАҒАЛИЕВҚА

 

 

                                                 Құрметті Мағзұм Маратұлы!

 

Жуырда өңірге іс – сапармен барған кезімізде жұртшылық тарапынан бір қатар өзекті мәселелер көтерілген болатын. Солардың бірі, Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласынан 3 км жерде орналасқан аумағы 66 шаршы километр құрайтын, белсенділігі 11,240 мың кюри болатын 51,8 млн тонна әлсіз радиоактивті қалдықтар құрайтын «Қошқар Ата» қалдықтар қоймасы бүгінгі таңда өңірдің басты экологиялық мәселесіне айналып, өңір жұртшылығының қатты алаңдауына себепші болып отыр.

         Бұл қалдық қоймасы өткен ғасырдың 60 – шы жылдарынан бастап минералды – шикізат, соның ішінде уран рудасын өндіріп өңдеу жұмыстарына байланысты салынып, жұмыс жасаған химия – гидрометаллургия зауыты, азот – тыңайқыштары зауыты, күкірт – қышқыл зауыттарының өнімдерінің қалдықтарын төгу нәтижесінде пайда болған еді.

         Аталған қоймада құрамына аммоний, фтор, стронций, уран, радий, торий, цинк, қорғасын, нитраттар, нитриттар, т.б. заттар кіретін қалдықтар жатыр.

         Маңғыстау облысы, Мұнайлы аудандық сотының 2015 жылғы 13 – ақпандағы шешімімен 2016 жылы аталған қойма Республикалық меншікке алынған болатын.

         Қалдық қойманың радиоактивті және уытты шаңдану дәрежесін бақылау мақсатында әртүрлі ғылыми орталықтар жағынан бірқатар ғылыми зерттеу және мониторинг жұмыстары жүргізілді, соның ішінде 2006-2007 ж, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» 2006 ж. «Экосервис» ЖШС, 2007 – 2011 ж, «Волховгеология» АҚ жүргізген жұмыстары.

         Атқарылған ғылыми – зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша 2015 жылы қалдық қоймасының жерінің құнарлылығын қалпына келтіру мақсатында техникалық – экономикалық негіздеме жасалып, 2017 жылы құны 17,5 млрд тенге тұратын жобалық сметалық құжаттар жасақталып, сараптаманың оң қорытындысын алды.

         Жобаны іске асыру мақсатында мердігер компания анықталып, 2021  - 2023 жылдарға қаржы қарастырылып, келісім шарт бойынша биыл жұмыстар басталып кеткен болатын.

         Алайда, түсініксіз себептермен биылға қарастырылған 1,0 млрд теңгенің Министрлік тарапынан бөлінбеу себебінен маусым айында жұмыстар толықтай тоқтап қалды.

         Бар мәліметтер бойынша Сіз басқарып отырған Экология, геология және табиғи ресурстар Министрлігі кезінде мемлекеттік сараптамадан өтіп, бекітілген жобалық сметалық құжаттарды қайта қарауды және қалдық қойманы қосымша зерттеп, зерделеу үшін Қазақстан Республикасы «Ядролық Физика институтына», «Радияциялық қауіпсіздік және экология институтына» тапсырыс берген, ал қарастырылған қаржыны бөлуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған.

         Бұндай шешім, өз кезегінде, жобаның орындалу мерзімін тағы да ұзақ жылдарға кейінге қалдыру тәуекелін тудыратыны сөзсіз. Ол кезде жобаның құны қанша есе өсіп кететіні айтпаса да түсінікті.

Жоғары айтылғанның негізінде Сізден, жобаның орындалуын қандай негіздерге сүйеніп тоқтатып қойғаныңызды, Мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық сметалық құжатты қай негізге сүйеніп қайта қарау туралы шешім қабылдағаныңыз туралы жауапты Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңнама аясында жазбаша түрде беруіңізді сұраймыз.

 

 

Депутаттар:

                                            С. АЛДАШЕВ

                                                                                   Б. ШЕЛПЕКОВ

Бөлісу