ҚР Парламент Сенатының депутаты Алдашев С.Т. Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты ендіру және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына қосымша баяндама жасады. Бірінші оқылымда.
Құрметті Мәулен Сағатханұлы, құрметті әріптестер!
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу және Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеушілік саясатты енгізу мақсатында әзірленді. Баяндамашы заң жобасының негізгі ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Заң жобасында кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың тізілімін құру көзделеді, оған кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті талаптарды қамтитын барлық реттегіш актілер енгізіледі. Тізілім кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын қолданыстағы талаптар туралы ақпараттың қарапайымдылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, уәкілетті органның ақпараты бойынша қазіргі уақытта кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптардың нақты саны белгісіз. Тек қана төрт сала бойынша жүргізілген нормативтік құқықтық актілерді алдын ала тексеру нәтижесінде 17 мыңнан астам талап анықталды. Оның 40 пайызы жаңа реттеушілік саясаттың талаптарына сәйкес келмейді. Бұл талаптарды қамтитын барлық реттегіш актілерге олардың тиімділігін айқындау тұрғысынан егжей-тегжейлі талдау жүргізу қажеттігін куәландырады. Заң жобасында бақылау және қадағалау субъектілерінің қызметін бақылаудың жаңа нысаны – кәсіпкерлік субъектілерін құқыққа сыйымсыз жауапкершілікке тарту мүмкіндігін болдырмай, заңнаманы шынайы бұзушыларды анықтауға мүмкіндік беретін тергеп-тексеру енгізіледі. Сондай-ақ бақылаушы мемлекеттік органдардың алдымен нысанға бармай-ақ профилактикалық бақылау жүргізу, содан кейін ғана оның нәтижелері бойынша нысанға бару арқылы кәсіптік бақылау жүргізу міндетін бекіту көзделген. Нормативтік құқықтық актілерде немесе техникалық құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді өткізу фактісін анықтау мақсатында профилактикалық бақылаудың дербес түрі – бақылау мақсатында сатып алу енгізіледі. Сондай-ақ заң жобасында жоғарыда баяндамашы атап өткендей Ішкі істер министрлігінің кейбір функцияларын басқа органдарға беру көзделген. Бұдан басқа заң жобасын іске асыру заңға тәуелді 83 нормативтік құқықтық актіні қабылдауды талап ететінін атап өту қажет, оның ішінде қазіргі уақытта 3 нормативтік құқықтық акті жобасы ғана әзірленді. Құрметті әріптестер! Заң жобасында кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылының жаңа қағидаттарын енгізіп, кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономикалық нақты жағдайда іскерлік белсенділікті дамытуға септігін тигізеді. Ұсынылып отырған заң жобасының тұжырымдамасы бойынша Сенаттың тұрақты комитеттерінен ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ. Баяндалғандарды ескере отырып, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу және Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынады.
Назарларыңызға рақмет.