Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

ҚР Парламент Сенатының депутаты Алдашев С.Т. Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының жумысы туралы ҚР Премьер-министрі Ә.Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.

19.05.2022 54

Қазақстан Республикасының

                                                                                                                                                        Премьер - Министрі

                                                                                                                                                            Ә.А. СМАЙЫЛОВҚА

 

Құрметті Әлихан Асханұлы!

         Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы жұртшылығының алаңдаушылығын туғызып, толғантып отырған күрделі мәселелердің бірі – бұл өңір тұрғындарын 100% электр энергиясымен, облыс орталығы Ақтау қаласымен оған іргелес орналасқан елді – мекендерді жылумен, және арнайы технологияларды қолданып теңіз суын тұщыту арқылы шығарылатын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған Маңғыстау Атом Энергокомбинатының  жағдайы.

Іргетасы өткен ғасырдың 60 – жылдары қаланып, қолданысқа берілген бұл комбинаттың негізгі қондырғысы – сол кездегі Кеңес Одағының қорғаныс өнеркәсібін нығайту саясаты аясында салынған жылдам нейтрондық негіздегі БН – 350 атомдық  реакторы.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін 1999 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің «БН -350 атомдық  реакторын (пайдаланудан) қолданыстан шығару туралы» қаулысы қабылданып, осы қаулы аясында аталмыш реактор өз жұмысын тоқтатты, сонымен қатар тоқтатылған реакторды және де қолданыста болған радиоактивті қалдықтарды залалсыздандыру бойынша концепция қарастырылды.

Аталған концепция аясында 2021 жылы іске асыру жұмыстары 5 (бес) кезеңнен тұратын техникалық – экономикалық негіздеме жасақталып, Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Негіздеме бойынша көлемі 6,0 мың текше метр құрайтын сұйық радиоактивті қалдықтар, 11,0 мың текше метр құрайтын қатты радиоактивті қалдықтарды ұзақ мерзімге (50 жыл)  сақталатын қоймалар салу, аталған қалдықтарды залалсыздандыру, белгіленген орындарға шығару, тағы да басқа күрделі технологияларды қажет ететін жұмыстар қарастырылған.

Аталған іс – шаралардың көлемділігі мен күрделілігін, сондай-ақ Ел экономикасындағы маңыздылығын ескере отырып, Маңғыстау Атом Энергокомбинаты 2019 жылы «КазАтомПром» Ұлттық компаниясы меншігінен Мемлекет меншігіне, яғни Энергетика Министрлігінің тікелей қарауына берілді.

Энергетика министрлігінің тікелей қарауында бола тұрса да, бұл комбинаттың қазіргі таңдағы техникалық жағдайы жақсы емес. Өңірді 100 % электр энергиясымен қамтамасыз ететін электростанция қондырғыларының тозуы – 80  % құрайды, теңіз суын тұщытып, ауыз су шығаратын қондырғылар қуаты тәулігіне 52 мың текше метрден 35 мың текше метрге дейін азайып су тұщыту қондырғыларын пайдалану мерзімдері нормативтік уақытан асты, соның салдарынан жаз айларында қалада ауыз су тапшылығы байқалады. Сонымен қатар, Маңғыстау түбегінің электрэнергетика жүйесі бойынша тұйықта орналасқанын ескере отырып, электростанцияларының қондырғыларының тозуы болашақта түбекті апаттық жағдайға алып келу қаупін туғызып отыр.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, МАЭК  еліміздің бір бүйірінде орналасқан Маңғыстау түбегі жұртшылығы үшін бірден бір тіршілік көзі екенін ескере отырып, Құрметті Әлихан Асханұлы, Сізден төмендегі сауалдарға жауап беруіңізді сұраймыз:

1. БН – 350 атом реакторымен радиоактивті қалдықтарды толықтай залалсыздандыру бағытында жасақталған іс шара жоспарының орындалысы, соның ішінде қаражат көздерін көрсету арқылы әр жылдарға арналған нақты жоспардың орындалысы туралы.

2. Жылу электр станциялардың, су тұщыту қондырғыларының қуатылығын қалпына келтіру арқылы жобалық көрсеткіштерге жеткізу бағытында атқару мерзімдерімен қаржы көздері нақтылап көрсетілген инвестициялық бағдарламаның жасақталуы, іске асыру барысы туралы.

Осы сауалға «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы  Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижесі туралы заңмен белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

 

 

Құрметпен,                                                                                    С. Алдашев

                                                                                                         С. Трумов 

                                                                                                         Б. Шельпеков

Бөлісу