Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

ҚР Парламент Сенатының депутаты Алдашев С.Т. Маңғыстау облысы Ақтау қаласының іргесінде орналасқан «Қошқар Ата радиоактивті қалдықтар қоймасының құнарлығын қалпына келтіру» жұмыстары жөнінде ҚР Премьер-министрі Ә.Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.

13.10.2022 60

 

 

Қазақстан Республикасының

              Премьер-Министрі

              Ә.А. СМАЙЫЛОВҚА

ҚҚҚҚқққққ

ҚҚ

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Жуырда өңірге іс-сапармен барған кезімізде жұртшылық тарапынан көтерілген өзекті мәселенің бірі – Ақтау қаласының іргесінде орналасқан «Қошқар Ата радиоактивті қалдықтар қоймасының құнарлығын қалпына келтіру» жобасын іске асыру барысында атқарушы органдар тарапынан орын алған өрескел қателіктер мен кемшіліктер болып отыр.

Өзіңізге мәлім, ауданы 6600 Га құрайтын «Қошқар Ата» радиоактивті қалдықтар қоймасы өткен ғасырдың 60-шы жылдарында салынып 30 жыл бойы жұмыс жасаған Химия-металлургия, азот тыңайтқыштары, күкірт-қышқылдары зауыттарының өнімдерінің қалдықтарын төгу нәтижесінде пайда болған еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 ж. 21 қыркүйектегі Маңғыстау облысының әлеуметтік экономикалық дамуы туралы жиында Үкіметке, облыс әкімшілігімен бірлесіп аталған радиоактивті қалдықтар қоймасын рекультивация жасау жұмыстарын 3 жыл мерзім ішінде атқарып, аяқтауды тапсырған болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жобалық-сметалық құжаттама қарастырылып, ауданы 4279 Га жерді рекультивациялау жұмыстары басталып кеткен болатын.

Алайда, соңғы уақытта құрылыс нарығында орын алған құрылыс материалдарының, құрал-жабдықтардың, жанар-жағармайдың қымбаттауын және де жобада көрсетілген кейбір жұмыс түрлерімен көлемдерінің өзгеруін ескере отырып, тапсырыс беруші, жобалаушы және мердігер тарапынан (Маңғыстау облысының әкімдігі, ПК «Семипалатинскграждан проект», АО «Павлодарский речной порт») қабылданған шешім бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға өзгеріс енгізіліп, Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды (19.08.2022).

Алынған қорытынды бойынша басты назар аударатын, жұртшылықтың түсінбеушілігін туғызған жәйт – қайта жасақталған жобаға сәйкес атқарылатын жұмыстың құны өзгеріссіз қалып, залалсыздандыруға тиесілі жер аумағының бастапқы 4279 Га-дан 1344 Га-ға дейін қысқарып кетуі, немесе 3 есе азайып кеткені. Бұл дегеніміз, қойылған міндеттің толық орындалуына, яғни стратегиялық жоспарлау көрсеткішіне қол жеткізуге күмән туғызады, сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасының тек қана қағаз жүзінде, жұмсалған қаржы бойынша орындалуы, ал іс жүзінде үштен бірі, немесе 30% ға орындалуы деген сөз.

Айта кететін тағы бір жайт – бастапқы жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізу туралы шешім Республикалық бюджеттік комиссияда қаралмағаны анықталып отыр.

Бүгінгі таңда бағдарлама әкімшілігі тарапынан (Экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі) жобаны ағымдағы жылы қаржыландыру мәселесі (2,1 млрд.т.) сондай-ақ түзетілген жоба шеңберінде іс - шаралар қабылдаудың орындылығы өзекті болып отыр.

Аталған факторлардың салдарынан бүгінгі таңда жобаны іске асыру шеңберінде биылға бөлінген қаржының тек қана 30 % игерілгенін және де жылдың аяғына дейін қарастырылған қаржының толықтай игерілмей қалу тәуекелін де атап өткен жөн.

Осындай, атқарулар барысында жіберілген кемшіліктер салдарынан елімізде қаншама басталған жобалар аяқсыз қалып, түпкі нәтижелер орындалмай қалып жатқаны баршаға аян.

Өңір жұртшылығының көкейінде жүрген, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен атқарылып жатқан бұл жобаның басты мақсаты және түпкі нәтижесі – радиоактивті аумақты түгел залалсыздандырып, халықтың игілігіне жарату, сол себепті жобаны қайта қарастырып, залалсыздандыруға тиесілі жер аумағын бастапқы қалпында (4279 Га) қалдыру, ал қаржы көлемін атқарылатын жұмыс көлеміне сәйкестендіру қажет деп есептейміз.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, құрметті Әлихан Асханұлы, сізден туындаған мәселені мұқият қарастырып, оң шешімін табуға ықпал етуіңізді және жауабын «Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң аясында жазбаша түрде беруіңізді сұраймыз.

 

Құрметпен,

Депутаттар                                                                               С.Алдашев

                                                                                                    С.Трумов

                                                                                                    Б.Шелпеков

 

Бөлісу