ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алдашев С.Т. «2023-2025 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы», «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобаларын қарастыру бойынша ҚР Парламенті Сенатының отырысында қосымша баяндама жасады.
Құрметті Мәулен Сағатханұлы!
Құрметті депутаттар!
Бүгінгі таңда әлемде орын алып отырған геосаяси тұрақсыздықтың өсуі және дағдарыстық құбылыстардың көріністері жағдайында мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды факторы болып табылатын сапалы бюджеттік жоспарлау мәселелері ерекше маңызға ие.
Қалыптасқан экономикалық және геосаяси жағдайды ескере отырып, Үкімет пен мемлекеттік органдардың негізгі күш-жігері экономикалық дамудың жаңа моделін құруға және оны сыртқы әсердің өзгермелі жағдайларына бейімдеуге бағытталуы тиіс.
Осыған байланысты ел бюджетінің шығыстарын тиімді жоспарлау мәселесі ерекше назар аударуға тұрарлық.
Осы орайда сіздердің назарларыңызды оның жеке ерекшеліктеріне аударғым келеді.
Біріншіден. Қарастырылып отырған Республикалық бюджет шығыстарының құрылымында экономиканың нақты секторының үлесі едәуір төмен және Үкімет оны орта мерзімді кезеңде одан әрі төмендетуді жоспарлап отыр (менің әріптесім бүгін бұл тақырыпты көтерген болатын).
Егер ағымдағы жылы осы секторға 3,4 трлн. теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 3,7% қарастырылған болса, 2023 жылға 2,5 трлн. теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 2,0% қарастырылған. Ал, 2024 – 2025 жылдары одан да аз – тиісінше 1,5% ( 1876 трлн тенге) және 1,4% (1707 трлн тенге).
Осылайша, мемлекеттің экономиканың нақты секторын қолдауға жұмсайтын шығыстарының біртіндеп төмендеуі байқалады.
Мәселен, "Өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі" функционалдық топтары бойынша шығыстар 61%-ға, "отын-энергетикалық кешен және жер қойнауын пайдалану" 33% – ға, "тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық" - үштен біріне төмендеп немесе 29% - ға, "Көлік және коммуникациялар" 26% - ға азайды.
Экономиканы дамытуда нақты сектор маңызды рөл атқаратынын бәріңізге мәлім - бұл жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамту, мемлекеттің экспорттық әлеуетін ұлғайту, бюджеттің кіріс бөлігін салық түрінде ұлғайту және басқа да еліміздің экономикалық – әлеуметтік әлеуетін дамытуға бағытталған шаралар.
Нақты сектор ұлттық экономиканың орнықты өсуінің негізгі факторы болып табылатынын ескере отырып, республикалық бюджетте бұл сектор қаржыландырудың басым бағыттарының қатарында қалуға тиіс.
Тек осылай ғана бұл сектор ел экономикасын дамытудың драйвері бола алады, бұл бәсекеге қабілетті отандық өндірістерді дамытуға ықпал етеді.
Екіншіден, биыл республикалық бюджетті қалыптастыру ерекше сипатқа ие. Бұл өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз етуін одан әрі дамытуға және күшейтуге бағытталған шығындарға қатысты.
Жергілікті бюджеттер базасына осы жылға дейін республикалық бюджеттен қаржыландырылған шығыстардың көптеген бағыттары бойынша ағымдағы нысаналы трансферттер берілді.
Мәселен, облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын және ауылдық елді мекендердің көшелерін күрделі және орташа жөндеу нақты жобаларды айқындамай, бір сомамен жергілікті бюджет базасына отырғызылды. Ұлттық экономика министрлігі мұны аймақтардың дербестігін арттыру қажеттілігімен түсіндіреді.
Алайда, осы уақытқа дейін жергілікті деңгейге берілген бюджет қаражатының пайдаланылуына мониторинг жүргізу және бақылау тетігі әзірленбеген. Тиісінше, осы шығыстарды мақсатсыз пайдалану тәуекелдері туындайды.
Бұл ретте жергілікті бюджеттер базасына республикалық бюджет қаражаты есебінен іске асырылып жатқан жобаларды аяқтау үшін қажетті қаражат берілді.
Біздің ойымызша, жалғасып жатқан жобаларды қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан аяқталуы керек еді. Ал жергілікті бюджеттердің шығыстарына жаңа жобаларды іске асыруға қаражат бөліп, олардың басымдығын жергілікті әкімдер өздері дербес айқындаушы еді.
Айта кету керек бүгінгі таңда өңірлерде елді мекендерді әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз ету деңгейінде айтарлықтай айырмашылықтары бар.
Өңірлік диспропорцияларды жою үшін өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілуін ескере отырып, олардың ағымдағы даму жағдайына жан-жақты мұқият талдау жүргізу қажет.
Тек осы негізде ғана бюджет шығыстарының бағыттары бойынша ағымдағы нысаналы трансферттерді жергілікті деңгейге беруді жүзеге асыруға болады.
Осы айтылған мәселелер бойынша келесі жылдың басында Сенат қабырғасында «Өңірлік саясат туралы» Парламенттік тыңдау өткізу жоспарлануда.
Құрметті депутаттар!
Мемлекет басшысы бюджет процесіне бақылауды күшейту және бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру қажеттігін бірнеше рет атап өтті.
Сондықтан Үкімет бюджетті қалыптастыру кезінде жобалар мен шығыстар бағыттарының басымдығын олардан барынша әлеуметтік-экономикалық нәтиже алу негізінде айқындалуы тиіс.
Сәзімді қорытындылай келе, айтылған ескертпелер Үкімет тарапынан келешекте қолдау табады деген сеніммен.
Осы Заңжобаларын қолдаймын.
Әріптестірімді заңжобаларын қолдауын сұраймын.
Назарларыңызға рахмет.