ҚР Парламенті Сенатының депутаты С.Т. Алдашевтың Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына жұмыс іс - сапары.
ҚР Парламенті Сенаты депутаты Сүйіндік Алдашев пен Маңғыстау облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев “Мұнай Филд Сервис” ЖШС ұжымымен кездесті. Алдымен, мекеме директоры Нұрлан Түкмағанбетұлы мекеменің өндіріс аймағын және жаңадан жасақталған спорт кешені мен жатақханамен таныстырып, еңбек ұжымының жетістіктері мен жұмыс жоспарларын көрсетіп, мекеменің 20 жылдық мерейтойының дайындық жұмыстары жөнінде толық ақпарат берді. Кездесу барысында мекеме қызметкерлері бірқатар маңызды көкейтесті мәселелерін көтеріп, жан-жақты талқылау болды. Кездесу соңында Сенатор мекеменің алдағы жұмыс жоспарларына сәттілік тілеп, көтерілген мәселелерді бақылауына алатындығын жеткізді. “Қазақ газ өңдеу” зауытына барып, басшылық құрамымен кездесті.Зауыт басшысы Болат Армияұлы ағымдағы жылдың қызметі туралы толық ақпарат беріп, зауыттың қазіргі таңдағы ахуалына тоқталып, мәселелерін жеткізді. Атап айтқанда, зауыттың өткізетін тауарлық газдың бағасын тауарлық газдың шекті көтерме бағасы деңгейінде белгілеуге және өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындарды электр қуатымен қамтамасыз ету үшін «МАЭК» ЖШС-нің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Сондай - ақ, Нақберген Аманбайұлы қуаттылығы 900 миллион текше метрлік жаңа газ өңдеу зауытының құрылысымен таныстырып, сұрақ-жауап алмасты.