ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алдашев С.Т. цифрландыру мәселелері жөнінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Ж.Х. Мәдиевке депутаттық сауал жолдады.
Қазақстан Республикасының
цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Ж.Х. Мәдиевке
Құрметті Жаслан Хасенұлы!
Бүгінгі таңда Цифрландыру, цифрлық технологияларды енгізу елдің экономикалық дамуына тікелей әсер ететін және экономика мен қоғамдық өмірдегі оң өзгерістерге әкелетін маңызды факторлардың бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы өзінің «Әділ Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты жолдауында цифрлық ортаны дамытуға және қалыптастыруға ерекше назар аударған болатын.
Президент Қазақстанның цифрлық технологияларды белсенді дамытып, жасанды интеллект қолданатын ел ретінде қалыптасуына басымдық берді.
Біздің елімізде цифрлық технологияларды енгізу есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, сондай-ақ болашақтың цифрлық экономикасын құруға бағытталған «Ақпараттық Қазақстан-2020», «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары, «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы сияқты бірқатар бағдарламалық құжаттар қабылданған болатын.
Қазіргі уақытта бұл стратегиялық құжаттардың күші жойылды.
Бұл бағдарламаларда жақсы нысаналы индикаторлар айқындалды, алайда, осыған қарамастан, оларды іске асыру елеулі нәтижелер мен ел экономикасының дамуына мультипликативтік әсер бермеді.
Сонымен қатар, оларды іске асыруға республикалық бюджеттен қомақты қаражат жұмсалды.
Мысалы, Ұлттық жобаны іске асыруға 2021 жылы 215 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 165,3 млрд теңге бағытталды. "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2018-2021 жылдары 207,8 млрд теңге жұмсалды.
Осыған байланысты бірнеше сұрақтар туындайды.
Жоғарыда аталған бағдарламаларды іске асыру қорытындыларына егжей-тегжейлі талдау және бағалау жүргізілді ме?
Оларды жүзеге асырудың нақты нәтижелері қандай? Бағдарламалық құжаттарды іске асырудың әсерін қалай бағалайсыз?
Тағы бір шешілмеген мәселе, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы.
Бүгінгі таңда мемлекеттік органдарда Цифрландыру әлі де жүйелі негізде жүргізіліп жатқан жоқ, келісімділік пен үйлестіру жетіспейді.
Мемлекеттік органдардың өздерінің әртүрлі дерекқорлары, көбінесе шашыраңқы, олардың ақпараттық жүйелері әлі де нашар ұйымдастырылған және біріктірілген.
Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша жоғары аудиторлық Палатаның деректері бойынша орталық мемлекеттік органдардың 235 ақпараттық жүйесінің 24-і өнеркәсіптік пайдалануға енгізілмеген. Ауылдық жерлерде Интернетке қол жеткізу деңгейі әлі де жеткіліксіз. Ауылдық елді мекендердің шамамен 41%-і ғана талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамтамасыз етілген.
Отандық бизнес ортада цифрлық сервистер мен технологиялар белсенді енгізілмеген. Біздің ойымызша, бизнес үшін цифрлық технологияларды, оның ішінде өндірісті енгізуге қолайлы жағдайлар мен ынталандырулар жасалуы тиіс.
Қазіргі уақытта 2023-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы іске асырылуда, оның мақсаты халық пен кәсіпкерлік субъектілерін Интернет желісіне жоғары жылдамдықпен қолжетімділікпен қамтамасыз ету болып табылады.
Осы жобаны іске асыру кезінде алдыңғы бағдарламаларда жүзеге асыру барысында орын алған барлық олқылықтарды ескеру қажет.
Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттерге (мақсаттарға) қол жеткізу үшін барлық билік органдарының, бизнестің, ғылыми білім беру қоғамдастығының және азаматтардың бірлескен тиімді күш-жігері қажет.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының
27-бабына сәйкес, Сізден жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша жауап беруді сұраймыз.
Құрметпен, С. АЛДАШЕВ
С. ШАЙДАРОВ
Б. АҚҚОЖИНА
Ш. БҰҚТҰҒҰТОВ
Б. ҚАНИЕВ
С. ЛҰҚПАНОВ
Ә. НӘУТИЕВ
Л. РЫСБЕКОВА