Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алдашев С.Т. Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту мақсатында «Ақтау порты акваториясында теңіз түбін тереңдету» жобасы бойынша қаржыландыру туралы ҚР Премьер-министрі О.Бектеновтың атына депутаттық сауал жолдады.

23.01.2025 56

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А. БЕКТЕНОВКЕ 

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

          Өзіңізге мәлім, 2013 жылы қол қойылған Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту бағытында үйлестіру комитетін құру туралы келісімнің аясында 2017 жылдан бастап халықаралық бірлестік өз жұмысын бастады. Бірлестіктің құрамына Қазақстан, Қытай, Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Украина, Румыния, Болгария, Сингапур, Литва, Польша мемлекеттерінің теміржол, теңіз әкімшіліктері, және де көлік логистикалық операторлары кіреді. Ал, Германия Австрия, Венгрия, Латвия, Эстония елдері бірлестікке қызығушылық танытуда.

          Аталған бірлестіктің жұмысының нәтижесінде Қытай-Қазақстан-Әзірбайжан-Грузия-Түркия-Европа елдері бағытында контейнерлік транзиттік және экспорттық жүктасымалдау бойынша мультимодальдық көлік тасымалдау қызметі тұрақты түрде жұмыс істей бастады.

          Бүгінгі таңдағы орын алған геосаяси жағдайларға орай логистикалық тізбектің өзгеруіне байланысты, аталған «Орталық дәліз» Ресей, Беларусь елдері арқылы өтетін «Солтүстік дәлізге» балама ретінде дүниежүзілік маңызға ие болды.

Жуырда ғана «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитінде Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев коммуникациялық мүмкіндіктерді одан әрі кеңейту мақсатында Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту маңыздылығын тағы да атап өткен болатын.

Алайда, бүгінгі таңда аталған дәліздің толыққанды жұмыс істеуіне табиғаттың белгілі себептермен орын алған Каспий теңізінің деңгейінің төмендеуі кері әсерін тигізіп отыр.

Тек 2023 жылдың маусымынан – 2024 жылдың желтоқсанына дейінгі кезеңде теңіз деңгейінің төмендеу деректер бойынша 50 см құрады. Айта кету керек, Ақтау порты акваториясындағы деңгейдің 10 см төмендеуі құрғақ жүк кемелерінің орта есеппен 130-150 тн, ал танкерлердің 200 тоннаға жүкті кем тиеуіне әкеліп соғады, бұл өз кезегінде жүк тасымалдау табыстылығының (рентабельность) төмендеуіне әсерін тигізеді.

          Каспий теңізі порттарының үздіксіз жұмысы Транскаспий халықаралық көлік маршрутының қалыпты жұмыс істеуі үшін шешуші роль атқарады. Осыған байланысты дәліздің негізгі «тар жерлерін» (узкий коридор) жоюға бағытталған Қазақстан, Әзірбайжан және Түркия аумақтары бойынша 2022 – 2027 жылдарға арналған тар жерлерді синхронды жою жолымен «орта дәлізді» дамыту бойынша жол картасы жасақталып, іске асырылуда.

          Аталған жол картасына сәйкес, порт акваториясында теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қажетті навигациялық тереңдіктерді құру үшін Ақтау теңіз портының акваториясында және кіреберіс каналдарында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу талап етіледі.

          «Ақтау порты акваториясында теңіз түбін тереңдету» жобасы Қазақстан Республикасының Теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 ж. арналған кешенді жоспарына сәйкес (ҚР Үкіметінің 29.04.24 ж. № 343 қаулысымен бекітілген) енгізілген және құны 42 млрд т. құрайтын жобалық сметалық құжаттама жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды.

          Жобалық-сметалық құжаттама бойынша жұмыс көлемі үш (3) кезеңнен тұрады және де құны 20 млрд теңге құрайтын 1-кезең 2025 жылы басталуы тиіс.

          Алайда бүгіңгі таңда бұл бағытта жұмыстың атқарылуына қаражат көзі қаралмағаны анықталып отыр, бұл өз кезегінде  жобаның уақытында іске аспай қалуына, және де тұтастай алғанда Транскаспий Халықаралық көлік маршрутының тұрақты жұмыс істеуіне кері әсерін тигізу тәуекелін тудырып отыр.

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

Жоғарыда айтылған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, Ақтау порты акваториясы теңіз түбін тереңдету 1-кезең жұмыстарын уақытында атқару мақсатында жобаны қаржыландыруға қаражат бөлуге ықпал етуіңізді сұраймыз. Бұл өз кезегінде еліміздің көлік логистикалық әлеуетін арттыру бағытында зор мүмкіншіліктер береді деген сенімдеміз.

Депутаттық сауалға қолданыстағы заңнама аясында жауап беруіңізді сұраймыз.

 

Құрметпен,

                                                                                 С. АЛДАШЕВ

 

                                                                                           Б. ОРЫНБАСАРОВ

Бөлісу