ҚР Парламенті Сенатының отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы бойынша Баяндама жасадым.
Құрметті Мәулен Сағатханұлы!
Құрметті әріптестер!
Қаралып отырған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2023 жылдың 9 қарашасында Астана қаласында қол қойылған келісімді ратификациялауға бағытталған.
Келісімнің мақсаты – энергетикалық жүйелердің қатар жұмыс істеуі процесінде пайда болатын тараптар арасындағы қарым-қатынастарды рәсімдеу, сондай-ақ олардың өзара іс-қимылының негізгі шарттарын айқындау қажеттілігі болып табылады.
Қазақстан мен Ресейдің бірыңғай энергетикалық жүйелерінің қатар жұмысын қамтамасыз ету мақсатында тараптар төмендегідей шараларды қабылдайды:
1) Ресей Федерациясынан Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіне беруге жоспарланған электр энергиясының көлемдерін жыл сайын келісу;
2) Электр энергиясын сатып алу мен сату құнын «KEGOC» акционерлік қоғамы мен Ресейдің «Интер РАО БЭЖ» компаниясы арасында жасалған келісімдер бойынша электр энергиясының рұқсат етілген нақты мемлекетаралық сальдо ағындары шегінде де, одан асырылған көлемде де айқындау;
3) Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдары жаппайтын электр энергиясын тұтынудың жоспарлы көлемін жабу үшін Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына берілетін электр энергиясын сатып алуды коммерциялық негізде жүзеге асыру;
4) Мемлекетаралық қималардағы қуат ағындары сальдосының жоспардағыдан ауытқуларының технологиялық негізделген орташа сағаттық шамаларын айқындау әдістемесін келіскенге және бекіткенге дейін электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуының рұқсат етілетін орташа сағаттық шамасы 150 МВт-қа тең болып белгіленеді.
5) Ауытқулардың рұқсат етілген диапазонынан (150 МВт-тан жоғары) асып кеткен жағдайда электр энергиясына ақы төлеу, оның ішінде «Россети» акционерлік қоғамы және «Бірыңғай энерго жүйелерінің жүйелік операторы» акционерлік қоғамы желілері бойынша электр энергиясын жедел-диспетчерлік басқару бойынша беру жөніндегі қызметтерге ақы төлеу, электр энергиясын сағаттық негізде қалыптастырылатын Ресей Федерациясының теңгерімдеуші нарығының бағалары бойынша сатып алу кіреді. Ресейлік компаниялар үшін рентабельділік нормасының мөлшері ағындардың рұқсат етілген шектерінде 0,5%, ал асқан кезде 2,5% құрайды.
Келісім аясында Қазақстанның электр энергиясын бірыңғай сатып алушысы ретінде «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС анықталған.
Айта кететін жәйт 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі өндіріс көрсеткіштерінен асып түсті. Нақты айтқанда, электр энергиясының өндірісі 117,9 млрд кВтс, бұл ретте тұтыну – 119,9 млрд кВтс құрады. Өткен жылы Ресейден электр энергиясын импорттау көлемі 3,1 млрд кВтс болды.
Уәкілетті органның болжамына сәйкес, 2025 жылы электр энергиясына тапшылық 5,7 млрд кВтс құрайды, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 46%-ға артық.
Электр энергиясының тапшылығы әсіресе тұтынудың шарықтау сағаттарында, яғни кешкі уақытта сезіледі (адамдардың жұмысынан қайту кезінде өмір сүру процестері белсенділігінің артуына байланысты тұтыну көлемі өседі). Мұндай жағдайда Бірыңғай сатып алушы Ресей Федерациясының энергия жүйесінен жеткізілімдерді жүзеге асырады.
Келісімге сәйкес, Ресейдің энергетикалық жүйесі Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесінде жиілік пен кернеуді рұқсат етілген шектерде қолдайды, сонымен қатар Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіндегі өндіріс пен тұтыну арасындағы сағаттық ауытқуларды өтейді.
Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Ресейдің бірыңғай энергетикалық жүйелерінің қатар жұмысын қамтамасыз етіп, электр энергетикасы саласындағы одан әрі тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйелеріндегі реттеуші қуат тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Құрметті әріптестер, Заңды қарау барысында Сенаттың тұрақты комитеттерінен ескертпелер мен ұсыныстар түскен жоқ.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Қазақстан Республикасының Конституциясының 61-бабының 4-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын мақұлдауды ұсынады.