ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алдашев С.Т. "Азаматтық авиацияны дамыту туралы" ҚР Премьер-министрі О.А.Бектеновтың атына депутаттық сауал жолдады.
Құрметті Олжас Абайұлы!
Біздің депутаттық сауал азаматтық авиацияны дамытуға, оның ішінде елдегі авиаотынның қолжетімділігіне қатысты.
Мемлекет басшысы өткен жылдың 2 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында Азаматтық авиацияны дамыту, оның ішінде аэрохабтарды дамыту міндетін қойды. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың
28 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы авиаотынның бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне назар аударып, осы мәселені шешуді тапсырды.
Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті ағымдағы жылдың сәуір айының басында «Қазақстан Республикасында азаматтық авиацияны дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, оның шеңберінде депутаттар осы саладағы бірқатар жүйелі проблемаларды көтерді. Олардың ішінде:
1) Қазақстандық мұнай өңдеуші зауыттарымен (бұдан әрі - МӨЗ) авиаотынның жеткіліксіз көлемде өндірілуі және авиаотынды өткізу бойынша бірыңғай тәсілдің болмауы;
2) ел әуежайларын дамыту бойынша жүйелі тәсілдің болмауы;
3) бірқатар өңірлердегі әуежай инфрақұрылымының қанағаттанарлықсыз жай-күйі;
4) саладағы кадрлар тапшылығы.
Бүгінгі таңда халық әуе билеттерінің жоғары бағасына, рейстердің кешігуіне және әуежайлар мен әуе кемелеріндегі қызмет көрсету сапасына көбірек алаңдайды.
Авиабилеттер бағасының қалыптасуына авиаотынның жоғары құны айтарлықтай әсер етеді. Осылайша, авиабилет құнының құрылымындағы ең үлкен үлесті - 36,5% авиаотынға жұмсалатын шығындар құрайды, техникалық қызмет көрсетуді - 14,9%, әуежайлық қызмет көрсетуді - 10,7% және жолаушыларға қызмет көрсетуді - 6,1% алады.
Бүгінгі таңда отандық мұнай өңдеу зауыттары саланың авиациялық отынға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін қанағаттандыра алмайтындай жағдай қалыптасты. Отын тапшылығы шамамен 237 мың тоннаны құрайды, ол Ресей мен Беларусьтен импорт есебінен жабылуда.
Айта кету керек, жыл сайын авиаотынға деген қажеттілік артады. Болжамды тұтыну көлемі 2030 жылға қарай 2,5 млн. тоннаны құрайды. Бұл ретте Энергетика министрлігі отандық МӨЗ-де аталған кезеңге 1,4 млн. тонна деңгейінде өндірістің өсуін күтуде. Ішкі қуаттар азаматтық авиацияның қажеттіліктерін толық қанағаттандыра алмайтынын ескере отырып, авиаотын импортына үлкен тәуелділік сақталуда. Осыған байланысты отандық МӨЗ-де өндірісті ұлғайту мәселесі өткір болып тұр.
Авиаотынның негізгі тұтынушылары ірі авиакомпаниялар (Эйр Астана, Скат, Қазақ Эйр), Астана және Алматы қалаларының әуежайлары болып табылады.
Авиаотынды сату және сақтау нарығы дамымаған бәсекелестікпен жоғары шоғырланған, мұнда негізгі жеткізушілер әуежайлар және осы әуежайлармен аффилиирленген компаниялар болып табылады.
Қазіргі уақытта ішкі нарықта авиакеросиннің көтерме бағасы 650-850 АҚШ доллары/т. деңгейінде қалыптасты.
Сонымен қатар, әуежайлардағы авиаотынның бөлшек бағасы (40% көтерме отандық, 60% импорттық жеткізушілерден сатып алынады)
1100-1200 долл./т. деңгейінде қалыптасты.
Авиаотынды сатудан түскен кіріс әуежайлардағы кірістің негізгі бөлігін құрайды. Басқа ойыншылардың осы инфрақұрылымға қол жеткізуіне мүдделі емес әуежайлар бар, бұл авиакомпаниялар үшін отынның жоғары құнының себебі болып табылады және нәтижесінде әуе билеттерінің құнына әсер етеді.
Өкінішке орай, бүгінде авиаотынды сатудың және оның бағасын белгілеудің ашық тетігі жоқ, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бұл мәселені реттеуге бірыңғай көзқарасы жоқ.
Айта кету керек, жерүсті қызмет көрсету аумағы мен әуежай инфрақұрылымы бірқатар өңірлерде апатты жағдайда және елеулі қайта құруды қажет етеді. Бұл әуежай жабдықтарына да қатысты, ол да қайта жабдықтауды қажет етеді.
Елдегі әуежайлардың 50% (10) жартысы жергілікті атқарушы органдардың қарауында және жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.
Төмен рентабельділікке, кейде әуежайлардың тиімсіз қызметіне байланысты әлеуетті инвесторлар бұл салаға бармайды.
Сонымен қатар, әуежайлардың тарифтері 2014 жылдан бастап қайта қаралмағанын атап өткен жөн.
Келесі мәселе-азаматтық авиация мамандарын кәсіби даярлау. Азаматтық авиация саласында 23 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бұл ретте саланың қажеттілігі жылына 500-600 кадр бірлігін құрайды. Бізде жалғыз оқу орны – Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясы жұмыс істейді. Негізгі мәселе - азаматтық авиация академиясының Еуропалық үлгідегі сертификаты жоқ. Ал "AirAstana", "SCAT", "Қазаэронавигация" сияқты осы стандарттар бойынша жұмыс істейтін авиакомпаниялар осы Академияның түлектерін жұмысқа қабылдай алмайды.
Жоғарыда айтылған барлық мәселелер ұзақ уақыт бойы шешілмеген және азаматтық авиация саласында белгілі бір жүйелік тәуекелдерге әкелуі мүмкін. Үкімет қалыптасқан жағдайдан шығу және азаматтық авиацияны тиімді дамыту жөнінде шұғыл түрде шаралар қабылдауы қажет.
Ол үшін келесілер ұсынылады:
- отандық азаматтық авиацияны басқарудың тиімді оңтайлы моделін әзірлеуі керек деп санаймыз;
- отандық мұнай өңдеу зауыттарында өндірісті ұлғайту мәселесін шешу;
- авиаотынның бағалық қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған және барлық жүйелік тәуекелдерді ескеретін авиакомпанияны авиаотынмен қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай жүйелік тәсілді әзірлеу;
- әуежайлар бейінді емес қызмет түрлерін қоспағанда, өздерінің негізгі қызмет түріне (мысалы, қону және ұшу, әуе кемелерінің тұрағы, жолаушылар мен багажға қызмет көрсету, терминалдарды пайдалану) назар аударуы керек;
- Осы саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жұмысты жандандыру, әуежайлардың қызметіне инвесторларды тарту жөніндегі оңтайлы тетіктерді әзірлеу;
- тиісті сертификат ала отырып, мамандарды тиімді даярлауға бағытталған шаралар кешенін қабылдау.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, жоғарыда аталған проблемаларды шешу, нарықтағы авиаотынның құнын реттеу және отандық авиациялық компанияларды қамтамасыз ету бойынша Үкіметтің ұстанымын ұсынуды сұраймыз.
Депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.