Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алдашев С.Т. "Маңғыстау облысында мұнай өңдеу зауыттының құрылысы жөнінде" ҚР Премьер-министрі О.А.Бектеновке депутаттық сауал жолдады.

25.09.2025 49

 

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А. БЕКТЕНОВКЕ 

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

          Баршаға мәлім, еліміздің экономикасының дамуы жолындағы басты бағыттардың бірі көлік логистика саласы болып табылады.

          Жуырда ғана өзінің Қазақстан халқына жолдауында еліміздің Президенті Қ.К.Тоқаев көлік логистика саласын дамытудың маңыздылығына ерекше мән беріп, экономикамыздың өркендеу жолындағы негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті.

          Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған «Солтүстік-Оңтүстік», «Шығыс-Батыс», «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» секілді Парсы шығанағы, Еуропа, Оңтүстік Азия нарығына шығатын көлік дәліздері өтетін Маңғыстау өңірінде көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда, атап айтқанда: Ақтау теңіз портының акваториясын тереңдету жобасы, инвестиция көлемі 46 млрд теңгеден асатын, қуаты жылына 240 мың ЖФЭ «жиырма футтық эквивалент» құрайтын мультимодальдық контейнерлік хаб құрылысы, құны 500 млн АҚШ долларынан асатын мультимодальдық логистикалық және авиациялық хаб құрылысы, Кендірлі курорты аумағындағы жаңа әуежай құрылысы, «Сексеуіл - Бейнеу» тас жолының салу жоспары және тағы басқалары.

          Аталған жобалар өңірдің транзиттік қабілетін айтарлықтай арттырып, халықаралық сауда мен көліктегі позициясын нығайтады.

          Сонымен қатар Маңғыстау облысы Каспий теңізінің жағасында орналасқан, бес мемлекетпен шектесетін еліміздің туризмін дамытудың ең перспективалы аймақтарының бірі болып табылады.

          Елімізде туризмді дамытудың үш басым бағыттарының біріне кіретін Кендірлі курорттық аймағына жылына 100 мыңнан аса туристерді қабылдау жоспарлануда.

Алайда қазіргі таңда әуе тасымалы саласында шешімін таппай келе жатқан мәселе еліміздегі авиаотынның тапшылығы, бұл өз кезегінде тасымал құнын арттырып, аймақтық әуе қатынасының бәсекеге қабілеттілігін төмендетуде. Қымбат авиаотынға байланысты көптеген халықаралық рейстер экономикалық тұрғыда тиімсіз болып отыр, соның салдарынан авиациялық логистиканы қажетті деңгейде дамыту мүмкін болмай тұр. Бұл өз кезегінде аймақтық және халықаралық сауданы шектеп, туризм ағымын арттыруға кедергі жасауда.

Ресми деректерге сәйкес Қазақстанда жылына 650-700 мың тонна авиакеросин шығарылып, 1 миллион тоннаға жуық авиакеросин тұтынылады, яғни 300 мың тоннадан аса (30-35%) авиакеросин Ресей және т.б. мемлекеттерден жеткізіледі, ал болашақта жоспарланған Маңғыстау облысындағы Аэрохаб құрылысы жүзеге асқан кезде өңірде авиаотын тұтыну көлемі қазіргі 35 мың тоннадан 120-130 мың тоннаға дейін немесе 4 есе көбейеді деп күтілуде.

Бұдан басқа, дизель отыны, бензин сияқты жанар-жағармайлардың тапшылығына байланысты болашақта туындауы мүмкін тәуекелдер өңір әлеуетін арттыру жолындағы жоспарлардың орындалмау қаупін туғызып тұр.

Бұл ретте, Үкіметтің болашақта жоспарлаған Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнімін ұлғайту арқылы Маңғыстау облысының жанар-жағармайға тапшылығын жоямыз деген жоспары аталған өнімдердің қымбаттауына әкеліп соғады деген күдік тудырады.

Мұнайлы Маңғыстауда жылына 18 млн-ға жуық мұнай өндіріледі де, шикізат ретінде түгел дерлік сыртқа жөнелтіледі, ал кейін қарай өнім ретінде қосымша қымбат бағамен әкелінеді.

Айта кету керек, бүгінгі таңда өңірде жылына 1,5 млн тонна мұнайдан 700 мың тонна битум шығаратын Актау битум зауыты жұмыс жасап тұр, сол мұнайдың битумнан басқа жеңіл фракциялары да өңделмей шикізат ретінде сыртқа жөнелтілуде.

Аталғандарды назарға ала отырып, Маңғыстау облысында өзін-өзі арзан мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында шағын, қуаты 5 млн тоннаға дейін құрайтын Мұнай өңдеу зауытының құрылысы стратегиялық маңызды қадам болады деп есептейміз. Шағын мұнай өңдеу зауыты өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып, импорттық мұнай өнімдеріне тәуелділігін азайтып, жанар-жағармай логистикалық шығындар мен жеткізу уақытын қысқартып, бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Үкімет көміртегі шикізатын өңдейтін бірқатар озық жобаны жүзеге асыру қажет», - деп атап өткен болатын.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, құрметті Олжас Абайұлы, Маңғыстау облысында шағын мұнай өңдеу зауытын салу жобасына қолдау көрсетуді өңірдің кешенді дамуы мен логистикалық инфрақұрылымын жаңартудың маңызды әрекет ретінде қарастыруды сұраймыз.

Депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

 

 

Бөлісу