Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алдашев С.Т. "Қорғас" шекара маңының өзекті мәселелері туралы ҚР Премьер-министрі О.А.Бектеновке депутаттық сауал жолдады.

16.04.2026 26

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А. БЕКТЕНОВКЕ 

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

Бүгінгі таңда «Қорғас» шекара маңы кластері Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін іске асырудағы негізгі буын және «Нұрлы жол» мен «Бір белдеу, бір жол» бағдарламалары аясындағы маңызды «қақпа» болып табылады. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақтың қызметін және «шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының» мүмкіндіктерін біріктіре отырып, бұл торап Транскаспий халықаралық көлік бағытының негізін қалыптастырады.

Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы:

- жүк тасымалы көлемі рекордтық 30 млн тоннадан асты. Бұл ретте «Алтынкөл – Хоргос» теміржол өткелі арқылы 16,1 млн тонна жүк тасымалданды;

- автокөлік тасымалы сегментінде үш жыл ішінде 2,5 есе өсім тіркелді;

- «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы арқылы жолаушылар ағыны 9,9 млн адамды құрап, тарихи ең жоғары деңгейге жетті.

Алайда, оң макроэкономикалық көрсеткіштерге қарамастан, ағымдағы жылғы наурыз айында ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысы арнайы экономикалық аймақтың әлеуеті мен шекарадағы нақты жағдай арасындағы елеулі алшақтықты анықтады. Инфрақұрылымдық шектеулер, отандық тасымалдаушылар үшін тең жағдайлардың болмауы және іргелес аумақтағы әкімшілік кедергілер арнайы экономикалық аймақ жұмысының тиімділігін төмендетіп қана қоймай, жүк жөнелтушілерді балама бағыттарды іздеуге мәжбүрлеуде. Бұл, өз кезегінде, мемлекеттің транзиттік кірістерінің төмендеуіне әкеледі.

Өзекті мәселелердің бірі ретінде «Нұр Жолы» кеден бекетінің инфрақұрылымдық шектеулері болып табылады. Аталған бекеттің жиі шамадан тыс жүктелуі «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақтың дамуына кері әсерін тигізуде. Бүгінгі таңда жүк ағыны толықтай бір бекетке шоғырланған, бұл тасымалдау тиімділігін төмендетіп, жүк жөнелтушілерді көрші мемлекеттер арқылы айналма бағыттарды пайдалануға мәжбүрлеуде.

Сонымен қатар, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» мен Қорғас ауылындағы ескі кеден бекетінің әлеуеті, жол инфрақұрылымының белгілі бір бөлігі дайын бола тұра, толық пайдаланылмай отыр, бұл көлік ағындарының тиімділігіне кері әсерін тигізуде.

Кездесу барысында мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде Қазақстан Республикасының жүргізушілері үшін тең емес жағдайлардың қалыптасып отырғаны атап өтілді. Атап айтқанда, Қытай тарапы Қазақстан жүргізушілерінің көліксіз немесе толық жүктемесіз шығуына, тіпті шұғыл жағдайларда да, шектеу қояды. Бұл өз кезегінде азаматтарымыздың визасыз болу мерзімін (180 күн ішінде 90 күн) бұзуына және қосымша ақы төлеп виза рәсімдеуіне мәжбүрлеуде. Ал Қазақстан аумағында Қытай Халық Республикасының азаматтары үшін барынша қолайлы жағдай жасалған.

Бұдан бөлек, Қытай Халық Республикасының шекаралас аумағында жүрген Қазақстан азаматтары күтпеген, тосын жағдайлар, (мысалы: жол-көлік оқиғасы, қайғылы жағдайлар және т.б.) кезінде жедел консулдық көмекке қол жеткізе алмай отыр. Мысалға, азамат қайтыс болған жағдайда Қытай заңнамасына сәйкес мәйітті өңірдің әкімшілік орталығы – Үрімші қаласына (700 км) жеткізіп, сол жерде Қазақстан Республикасының консулдығында тиісті құжаттарды рәсімдеу талап етіледі. Бұл марқұмның туыстары үшін елеулі қаржылық және уақыт шығындарын туындатады.

Сондай-ақ, визасыз режим енгізілгеннен кейін жеңіл автокөліктердің кіру тәртібінде тепе-теңдіктің жоқтығы байқалады. Қытай Халық Республикасының азаматтары Қазақстанға еркін кірсе, қазақстандықтардан Қытай аумағына кіру үшін автокөлік құнының 40 пайызы мөлшерінде сақтандыру депозитін енгізу және медициналық сақтандыру рәсімдеу талап етіледі. Бұл ретте Қытай автокөліктеріне Қазақстанда мұндай талаптар қойылмайды, соның салдарынан елімізде олардың іс жүзінде бақылаусыз пайдаланылуына жол берілуде.

Аталған фактілер азаматтар арасында елеулі алаңдаушылық туғызады, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықта әлеуметтік шиеленісті қалыптастырып, үкіметаралық деңгейде шұғыл араласуды талап етеді.

Жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында келесі шараларды қарастыруды сұраймыз:

Бірінші. Қытай Халық Республикасының Қорғас қаласында Қазақстан Республикасының консулдығының арнайы бөлімшесін орналастыру мәселесін қарастыру.

Екінші. Екі ел арасында кіріп шығатын автокөліктер үшін заңнамалық деңгейде тең талаптар енгізу.

Үшінші. Үкіметаралық деңгейде қазақстандық жүргізушілерге шекараны жүк көлігімен де, онсыз да (жаяу тәртіпте қоса алғанда) еркін кесіп өту құқығын беру мәселесін пысықтау, Қытай Халық Республикасының тарапынан «жүксіз шықпау» талаптарын алып тастау.

Төртінші. «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын» мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінің тізбесіне енгізу мәселесін қарастыру және Қазақстан мен Қытайдың арнайы экономикалық аймақтары арасында тікелей теміржол және автожол салу жобасын бастамалау. Бұл көлік ағындарын қайта бағыттауға және «Нұр Жолы» өткізу пунктіндегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

Бөлісу