Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алдашев С.Т. Парламент Палаталарының бірлескен отырысына қатысып, онда «Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасы қаралды.

15.05.2026 81

                             Құрметті Палата Төрағалары,

                             Құрметті Әріптестер!


Астананың белсенді әлеуметтік – экономикалық дамуын қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін қолданыстағы Заң 2007 жылы қабылданған болатын. 

2025 жылы Астана қаласын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған жоспары қабылданды. Бұл құжат 2050 жылға дейінгі Астананың даму стратегиясы мен 2035 жылға дейінгі қаланың Бас жоспар секілді ұзақ мерзімді бағдарламалық құжаттарда бекітілген стратегиялық бағытты кезең-кезеңімен іске асырудың жалғасы болып табылады.

Алайда жаңа жағдайларда астананы одан әрі дамыту бойынша қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін жаңа заң қабылдау қажет. Осындай жағдайда астананың мәртебесін Конституциялық заң деңгейінде айқындау елордамыздың орнықты дамуын қамтамасыз етудің тетігі болып табылады.

Осылайша, қаралып отырған Заң жобасы Астана қаласының төмендегідей негізгі бағыттарда одан әрі дамуының заңнамалық негізін қалайды:

Бірінші. Астананың мәртебесін жоғары нормативтік-құқықтық деңгейде бекіту және астананың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына құқықтық жағдай жасау.

Бұл ретте, Заң жобасының мәртебесін арттырудың негізгі мақсаты — құқықтық реттеудің және заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, қазіргі экономика мен құқықтық кеңістікте ауқымды жобаларды іске асырудың және жаңа құралдарды енгізудің біртұтас құқықтық негізін қалыптастыру.

Екінші. Мәслихат пен астана әкімдігінің өкілеттіктерін нақтылау және жүйелеу елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және ресурстарды басқару мәселелерін шешудегі дербестігін арттыруға бағытталған.

Үшінші. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін реттеу тұрғын үй қорын жаңғырту мен қалалық ортаның сапасын арттыруға жүйелі тәсілді қамтамасыз етеді.

Төртінші. Астананың дамуын институционалдық қамтамасыз ету бағытында негізгі әлеует IT-секторға, ғылымды қажетсінетін өндірістер мен инновациялық кластерлерге инвестициялар тарту арқылы әртараптандыру деңгейін одан әрі арттыруда және жоғары технологиялық секторларды дамытуда жатыр.

Бесінші. Халықаралық деңгейде интеграцияланған қала ретінде қалыптасу.

Астана сауда, адами, қаржылық, саяси және инновациялық ағындардың орталығына айналуға тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін елеулі ресурстар мен уақыт, күшті әрі тұрақты институттар, сондай-ақ өңірдегі бәсекелестерден басымдық қажет болады.

Конституциялық заң жобасын жүзеге асыру Астана қаласын дамытудың 2035 жылға дейінгі Бас жоспарында көрсетілген негізгі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда: халық санының қарқынды өсуі, аумақтардың функционалдық мақсатын өзектендіру, құрылыс тығыздығын арттыру, көлік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды теңгерімді дамыту.

Жалпы алғанда, астана туралы Конституциялық заңды қабылдау құқықтық айқындық пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады, сондай-ақ астананың орнықты дамуына берік институционалдық негіз қалыптастырады.


Құрметті әріптестер!

Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда қолдауларыңызды сұраймын.

 

Бөлісу