Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Комитет отырысында қосымша баяндама жасады «2018 жылғы 17 мамырдағы Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімге хаттаманы ратификациялау туралы»

27.09.2022 0

Заң жобасының мақсаты екі ел арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімнің қолданысын ұзартумен қатар, отандық тауарлардың Иран Ислам Республикасының нарығына шығу үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету болып табылады.

Аталған уақытша келісімге 2018 жылдың 17 мамырында Астанада қол қойылды. Сондай - ақ, 2019 жылдың 27 қазанында үш жыл қолдану мерзімі аясында күшіне енген болатын.

Өздеріңізге белгілі, бүгінде Иран Ислам Республикасы еліміз үшін экономикалық тұрғыдан әлеуеті жоғары, стратегиялық маңызды серіктес және 80 миллионнан астам халқы бар үлкен нарыққа жол ашатын бірден бір мемлекет. Аталған келісім шеңберінде, Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 16,6 пайызға өсті. Нақтырақ айтсақ, бұл көрсеткіш 377,4 млн. доллардан 440 млн. долларға жетіп отыр. 

Қазіргі таңда уақытша келісімге сәйкес Иран тарапы 360 тауарға импорттық баж салығын төмендетуге міндеттенді, оның ішінде 97 ауыл шаруашылығы, ал 263 өнеркәсіп саласының тауарлары. Ал, одаққа мүше елдер 502 тауар бойынша импорттық бажды төмендетті, оның 126 ауыл шаруашылығы тауарлары болса, ал 376 өнеркәсіп саласына қатысты. 

Осы келісімнің 2022 жылдың қазанында аяқталатынын ескере отырып, сауданың преференциялық режимінің алшақтығын болдырмау мақсатында 2022 жылғы 14 наурызда Иран тарапымен еркін сауда туралы толық форматты келісім жасасу жөніндегі келіссөздер барысында уақытша келісімді 2025 жылдың қазанына дейінгі мерзімге немесе толық форматты келісім жасалған күнге дейін ұзарту туралы хаттамаға қол қойылды. 

Сонымен қатар, уақытша келісім хаттамасын ратификациялау  қазақстандық экспорттың әлеуетін негізге ала отырып, сауданың преференциялық режимінің үзілуіне жол бермеуге және оның қолданылуын ұзартуға жақсы мүмкіндік береді. 

Әрине, сауданың бажсыз режимін сақтап, отандық тауар өндірушілерге өз тауарларын Иран нарығына шығаруға жақсы серпін берумен қатар, жаңа деңгейге көтерілуге ықпал етеді.     

Осы орайда, уақытша келісімнің мерзімі үстіміздегі жылдың 27 қазанында бітетінін ескерсек, екі ел арасындағы сауда және ынтымақтастық қарым - қатынастарды нығайту мақсатында заң жобасын қабылдау қажеттігі туындап отыр.        

Алайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі кейбір маңызды позициялар бойынша мемлекетіміздің ұлттық мүддесін назардан тыс қалдырмауы керек. Жалпы одаққа мүше мемлекеттердің жетегінде кетпей, барлық салаларда біздің елімізге тиімді және ұтымды тұстарды сақтап қалу жолдарын қарастыру қажет. Себебі, асығыс қабылданған шешімнің нәтижесі, келешекте үлкен салдарға апаруы әбден мүмкін.

Осы мәселеге министрлік өкілдері ерекше көңіл бөліп, алдағы уақытта қажетті шаралар қабылдауы тиіс.        

Аталған заң жобасы бойынша 2022 жылдың 26 қыркүйегінде  тиісті министрліктің өкілдерімен жұмыс тобының отырысы өткізілді. Көтерілген мәселелерге қатысты әзірлеуші тарап жауап берді.

Осы заң жобасын қабылдау екі елдің арасында тиімді және    сауда саласын дамытуға бағытталған құқықтық қатынастарды реттеуге, сондай - ақ осы салада өзекті мәселелерді шешуге ерекше септігін тигізеді деп есептеймін.  

 

 

Бөлісу