Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Комитет отырысында қосымша баяндама жасады «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»

19.10.2022 0

Заң жобасының мақсаты жолдарда көліктік бақылауды автоматтандыру, теңіз көлігі саласындағы халықаралық шарттардың нормаларын имплементациялау, теміржол көлігіндегі оқиғаларды және кемелермен болған авариялық жағдайларды тергеу тәртібін жетілдіру, еліміздің заңнамасын халықаралық азаматтық авиация ұйымы стандарттарының және еуропалық одақтың авиациялық талаптарына сәйкестендіру, әуеайлақ маңындағы аумақта қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру тетігін реттеу болып табылады.

Заң жобасында Қазақстан Республикасының 7 кодекс пен 19 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған.   

Қазіргі уақытта, жолдарда көлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін өлшейтін автоматтандырылған станцияларды орнату жоспарлануда. Ал, заң жобасында осы өлшеу станцияларын орнату және олардың жұмыс істеу тәртібін айқындайтын нормалар көзделген. Бұл тұста станциялар адамның қатысуынсыз «Сергек» қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады.

Бұл шараларды жүзеге асыру автожолдардың сапасының сақталуын қамтамасыз етуге, ауыр салмақты көлік құралдыарының жол жүргені үшін бюджетке түсетін алымдар түсімін арттыруға және автожолдарда көліктік бақылау жүргізу кезінде адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді.

Сондай - ақ, заң жобасында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына автомобиль саласындағы қоғамдық көліктерде жүруге жеңілдіктерді беретін нормалар көзделген.

Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар, сондай - ақ қалалық (ауылдық), қала маңындағы қатынастарда автомобильмен тұрақты тасымалдауда:

«Алтын алқа», «Күміс алқа» мен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналардың, бірінші топтағы мүгедектердің тегін жол жүру құқығын;

15 жастан 18 жасқа дейінгі адамдардың жол жүру құжатының (билеттің) толық құнының елу пайызын төлей отырып, сатып алу құқығын енгізуді көздейді.

Бұл өз кезегінде 6 715 753 немесе 7 миллионға жуық адамның әлеуметтік жағдайына ерекше назар аудара отырып, мемлекет тарапынан жасалып жатқан ізгілікті шаралардың бірі деп есептеймін.     

Заң жобасы шеңберінде бірқатар түзетулер теміржол және су көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Мәселен, жолаушылар поездарының жылжымалы құрамының түсуіне немесе соқтығысуына әкеп соққан оқиғаларды тексеруді уәкілетті органның құзыретіне беру, сондай - ақ, уәкілетті органның құзыретіне Каспий теңізінің аумақтық суларында Қазақстан Республикасы мемлекеттік туы астында жүзетін кемелермен болған авариялық жағдайларды тергеуді қосу ұсынылады. 

Ал, азаматтық авиация саласында ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану үдерісін реттеу жөніндегі норманы, сертификаттау рәсімін енгізу, қашықтықтан сәйкестендіруге қойылатын талаптарды белгілеу және оларды пайдалану аймақтарын айқындау, «ұшқышсыз авиациялық жүйе» және «ұшқышсыз әуе кемесі» ұғымдары енгізіледі.

Сондай - ақ, аталған заң жобасы шеңберінде күрделі жобалар бойынша жер қойнауын пайдалану саласына қатысты геологиялық барлауға инвестициялар тарту мақсатында жақсартылған модельдік келісімшартты енгізуді көздейтін нормалар қарастырылып отыр.  

Осы орайда, күрделі жобалардың нақты критерийлері мен реттеуші преференциялар пакеті айқындалды.

Атап айтқанда, барлау кезеңінен өндіру кезеңіне көшуді оңтайландыру, халықаралық төрелікке жүгіну арқылы бұзылған құқықтарды қорғау тәсілдерін барынша кеңейту, ұсынылатын реттеушілік преференциялар пакетінің тұрақтылығы сияқты негізгі мәселелер жан - жақты қамтылған.  

Тиісті заңнамалық нормалар қабылданған жағдайда жақсартылған модельдік келісім шарттар бойынша алдағы уақытта жүзеге асыру үшін ықтимал 8 күрделі жоба қаралатын болады, оның ішінде 5 - теңіз жобасы, 2 - құрлықтағы күрделі жоба, 1 - құрлықтағы газ жобасы. Ал, инвестициялардың жалпы сомасы 28,9 млрд АҚШ долларын құрайтын болады, бұл бюджетке 36,2 млрд АҚШ доллары мөлшерінде салық түсімдерін және шамамен 20,0 мың адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондықтан, осындай кешенді жобалардың жүзеге асырылуына Үкімет қолайлы жағдай жасауы тиіс және елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту үшін әліде болса тиімді тетіктер қарастыру керек  деп санаймын. 

Аталған заң жобасы бойынша 2022 жылдың 14 қазанында тиісті министрліктің өкілдерімен жұмыс тобының отырысы өткізілді. Заң жобасын талықлау барысында қойылған сұрақтар мен маңызды мәселелерге қатысты әзірлеуші тарап тиісінше жауап берді.  

Осы заң жобасын қабылдау жолдағы көлік бақылауын автоматтандыру, теңіз көлігі бойынша халықаралық шарттардың нормаларын жүзеге асыру, азаматтық авиация және әуеайлақ аумағына рұқсат беру мәселелерін жан - жақты реттеу жөнінде өзекті мәселелерді шешуге ерекше септігін тигізеді деп есептеймін.  


 

Бөлісу