Сенатор Қайрат Тастекеев Әлихан Бөкейхан Университетінің жұмысымен танысты
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Құлбайұлы Тастекеев Абай облысына сапары барысында Әлихан Бөкейхан Университетінде болды.
Кездесу барысында сенатор университеттің жай күйімен танысып, оның профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен тілдесті.
Сонымен қатар, кездесу аясында депутат қатысушыларды VIII шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының аясында атқарылған жұмыс туралы хабардар етті.
«Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Мемлекет басшысының елімізді жаңғыртуға арналған реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс жүргізді. Үш ай мерзімде Парламент 25 заң қабылдады. Олардың ішінде 10 заңға депутаттық корпус бастамашыл болды», - деді сенатор.
Кездесу сонында Әлихан Бөкейхан Университеті магистратура бөлімінің түлектеріне диплом табыстау салтанатты кешіне қатысты.