Қайрат Тастекеев Грузия мемлекетінде сайлауды байқауға қатысты
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев Грузияда өткен парламенттік сайлауды халықаралық байқау миссиясына қатысты. Сенатор ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегациясының құрамында Қазақстан атынан барған болатын.
Грузияда болған Қайрат Тастекеев сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етудегі Грузия елінің Орталық сайлау комиссиясы атқарған ауқымды жұмыстарға тоқтала келіп, сайлауды ұйымдастыру деңгейінің жоғары болғанын атап өтті.
Депутат сайлау халықаралық стандартқа сәйкес өткенін және сайлау процесінің барлық азаматқа қол жетімді болуы қамтамасыз етілгенін хабардар етті. Сенатор осындай байқау миссиясы өңірдегі тұрақтылық пен демократиялық дамуға жәрдемдесе отырып, мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтатынына сенім білдірді.