Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

"Құрылыс компанияларының заңсыз әрекеті туралы" депутаттық сауал

01.02.2024 282

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Ә.А. Смайыловқа

 

 

Құрметті Әлихан Асханұлы!

 

Шүкір, қазіргі таңда халқымыз көбейіп, 20 миллионға жетіп отырмыз. Халық санының өсуімен қоса, ауылдағы жұмыссыздық салдарынан өршіген урбанизация ірі қалаларымызда көпқабатты үйлердің көптеп салынуына алып келді. Сол тұрғын үйлерден әр отбасы баспана алғысы келіп, әр түрлі компанияларға жүгінуде.

Қалталы азаматтарымыз бағасына қарамай, тек сапа мен комфортқа мән беріп үй таңдаса, қарапайым халықтың ондайға шамасы келе бермейді. Олар үй бағасының неғұрлым қолжетімді болғанын бірінші кезекке қояды. Осыны білетін кейбір құрылыс компаниялары әр түрлі жеңілдіктермен, шаршы метрдің арзандығымен бала шағасының аузынан жырып жинаған қаншама отбасының ақшасын жинап алып, не пәтерлерін бермей, не салған ақшасын қайтармай, зар жылатып отырған жайы бар.

Әрине, үйлерін уақытылы, әрі сапалы салып, тұрғындарды қуантып жүрген құрылыс компанияларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Бірақ, біздің қозғағымыз келіп отырғаны халықтың сенімімен ойнап, уәделі мерзімде өз үйлерін заңды түрде талап еткен клиенттерге пәтерді тегін үлестіріп жатқандай қырын қарап, құрылысты сағызша созып жүрген компаниялар туралы болмақ.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, еліміз бойынша 2021-2023 жылдары аралығында құрылыс компанияларымен жасалған шарттың орындалмауына байланысты үлескерлердің арыздары негізінде Қылмыстық кодекстің 189 және 190-баптарымен барлығы 45 қылмыстық іс тіркеліп, 4734 үлескер зардап шекті. Олардың басым көпшілігі Астанада –                  1282 адам, Қарағандыда – 961, Ақтөбеде – 657, Атырауда – 631, Ақмолада – 457 және Алматыда – 360.

Құрылыс компаниялары басшылығының заңсыз әрекеттерінен жалпы               55 млрд. 264 млн. теңге шығын келтірілді, олардан 20 млрд. 281 млн. теңгесі ғана өндірілді.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2019-2022 жылдары аралығында бір ғана елордада проблемалық объектілердің құрылысын аяқтауға Ұлттық қордан 60 млрд. теңге, республикалық және жергілікті бюджеттерден 154,6 млрд. теңге бөлінген. Осылайша, мемлекеттің қатысуымен Астана қаласында 120 проблемалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. «Сол арқылы 14 мыңға жуық үлескердің тұрғын үй мәселелері шешілді» - дейді министрлік. Сөйте тұра, елімізде бүгінде 7 мыңға жуық алданған үлескер бар, олардың 4 мыңнан астамы елордада. Республика бойынша әлі де 44 проблемалық объект бар екен.

Сонымен қатар, соңғы екі жылда құқық қорғау органдары заңсыз қаражат жинағаны үшін 300-ден астам компанияны әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға 250 млн. теңгеге айыппұл салыпты. Яғни, орта есеппен алғанда, бір компанияға 800 мыңнан сәл асатындай айыпұл салынған. Бұл дегеніңіз бір пәтердің 2 шаршы метрінің бағасы ғана. Ал, келтірілген залал 30 млрд. теңгеден асты. Айыппұл – 250 миллион, залал 30 миллиард. Бұл парадокс емес пе?

Бұдан өзге, кейбір құрылыс компанияларының жауапсыздығынан үлескерлерден бөлек, сол үй құрылысын жүргізіп нәпақасын тауып жүрген құрылысшылар мен құрылыс тауарларын жеткізуші кәсіпкерлердің де жапа жегіп жатқаны ешкімге жасырын емес. Құрылысшы азаматтарымыздың компаниялардан жалақыларын алалмай әбігерге салынып жүргенін көріп те жүрміз, бірнешеуі осы мәселемен қабылдауда да болды.

 

Құрметті Әлихан Асханұлы!

 

 Аталған суммалар мен статистикалар адамды уайымдатпай қойматыны анық. Осы ретте, сізге келесі сұрақтарымыз бен ұсыныстарымыз бар.

1. Үлескерлерге келтірілген шығындар күдіктілер есебінен толық өндірілмей, көпшілігі мемлекет тарапынан өндірілуде. Осы мәселені ескере отырып, құрылыс компанияларына қойылатын талаптар мен мемлекеттік бақылауды күшейту қажет.

  1. 2.      Компания үйді келісім шартта көрсетілген мерзімде тапсырмаса, үлескерлердің пәтер жалдау ақысын сол компанияларға міндеттеу қажет.

    3. Құрылыс компанияларына іс қозғалған сәтте сол команияларды жарнамалап жүрген түрлі блогерлер мен танымал тұлғалардың да жауапкершілігін арттыру қажет. Сондай-ақ, олардың халыққа ұсынып, жарнамалап жүрген компанияларына толық көзі жетіп, сосын кіріскені манызды.

  1. 4.      Заңсыз қаражат жинаушы компанияларды жауапкершілікке тарту барысында айыппұл мөлшерін сезілетіндей етіп көтеруге не кедергі?
  1. 5.      Төтенше жағдайлар орын алғанда жұмсалатын ұлттық қор қаражатын айдың күннің аманында құрылыс компанияларына бөлу қаншалықты орынды?

     «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының                  27-бабына сәйкес, жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.

     

     

    Құрметпен,

     

    Г. ШИПОВСКИХ

                               

    Е. БОЛЬГЕРТ

     

    З. КУЗИЕВ

     

    Н. НИЯЗОВА

     

    А. САТВАЛДИЕВ

     

     

     

     

    https://www.instagram.com/reel/C2yz3CLtX1l/?igsh=dXNydGp5b2dtaHZ1

Бөлісу