«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы
Назарларынызға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ұсынылып отыр.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында азаматтардың шамадан тыс кредит алуын азайту және де экономикалық айналымға банктердің «бұғатталған активтерін» тарту бойынша жүйелі шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Осы ретте, заңнамалық деңгейде банктер мен микроқаржы ұйымдарға 90 күннен астам төлем мерзімі кешіктірілген берешегі болған азаматтарға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салынған.
Әскери қызметшілердің мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде, олардың кредиттері бойынша сыйақы есептемей төлемді кейінге қалдыруды ұсынылған.
Соңғы кездері БАҚ-та алаяқтардың әртүрлі банктерден азаматтардың атынан бірнеше несиені алу жағдайлары көбейіп кетті. Мәселен, өткен жылдың өзінде 15 мыңға жуық адам алданып, жалпы шығын көлемі 50 миллиард теңгеден асқан. Заңмен, осындай несиелік алаяқтықты азайту мақсатында, клиентті биометриялық сәйкестендіру жүргізбей электрондық банктік қарыздар мен онлайн микрокредиттер беруге тыйым салынған.
Заңмен атқарушылық іс жүргізу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге арналған бір қатар шаралар бекітілген. Мәселен, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды және мүгедектерді жылу беру маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салынған.
Сонымен қатар, банктерге балансқа өткен тұрғын үйді әлеуметтік осал топтарға жататын бұрынғы меншік иелеріне жалға беру құқығы берілген.
Микроқаржы омбудсманы институті микрокредиттер бойынша дауларды қарау құзіретімен енгізілген. Сонымен бірге, оның шешімдері банктер, микроқаржы және коллекторлық ұйымдар үшін міндетті болады.
Азаматтардың кредиттер бойынша банкроттық рәсіміне қол жеткізуін жеңілдету шаралары қарастырылған, соның ішінде берешекті реттеу және өндіріп алу рәсімін жүргізу мерзімдерін 18 айдан 12 айға дейін қысқарту арқылы.
Заңмен стрестік активтерді электронды платформалар арқылы сату жүйесі енгізілген. Бұл нормаға сәйкес, микроқаржы және басқа да несие ұйымдары өндіріп алынған мүлікті, сондай – ақ, банктік қарыз және несие шарттары бойынша талап ету құқықтарын электронды платформалар арқылы сатуға міндетті болады.
Бұл норма аталған шаралардың ашықтығын қамтамасыз етеді және осы активтерге әділ нарықтық бағаларды қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар азаматтардың борыштарын коллекторларға сатуды шектеу нормалары бекітілген. Ол үшін 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарға азаматтардың кредиттерін коллекторлық агенттіктерге сатуына мораторий енгізілген.
Құрметті әріптестер!
Қарастырылып отырған Заңды қолдап, бас комитетке ескертулер мен ұсыныстарсыз жіберуді сұраймын.