Қазақстанда экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту
Қаралып отырған Заңға Мәжіліс депутаттары Қазақстанда экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мақсатында бастама жасаған болатын.
Заң келесі негізгі нормаларды қарастырады:
- «электромобиль» және «электрозарядты станция» ұғымдарын енгізу;
- коммуналдық ақылы автотұрақтарда электромобиль көлігінің иелері үшін тегін тұрақ орындарын пайдалану;
- тұрғын аймақтардағы электрозарядты станцияларды жобалау, орнату және техникалық пайдалану ережелерін әзірлеу және бекіту бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттілігін анықтау;
- жергілікті атқарушы органдардың өкілеттілігі электрозарядты станцияларды орналастыру туралы шешімдерді қабылдау және такси тұрақтарын, әуежайларда, вокзалдарда, сауда және мәдени ойын-сауық нысандарында, мәдени-демалыс парктері мен алаңдарда, даңғылдар мен көшелерде электрозарядты станцияларымен жабдықтап, ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
Заңның алғашқы жобасы дайындалғанда электромобильдерді кең ауқымды қолдануға тежеуші фактор ретінде арнайы инфрақұрылымның болмауы және «мұнай өнімдерімен» жүретін көліктердің құнының төмендігі аталып өткен болатын. Қазіргі таңда елімізде жағдай түбегейлі өзгерді. Мысалы, 2023 жылдың 1 қаңтарында елімізде электр қозғалтқышпен 812 жеңіл көлік тіркелсе, қазіргі уақытта 9 мыңға жуық электр көлігі тіркелген. Бұл, электромобиль санының 9 еседен астам өскендігін көрсетіп отыр.
Яғни, «жасыл» көліктерге сұраныстың көбеюі қажетті инфрақұрылымды дамытуды ілгерілетуді талап етеді.
Сонымен қатар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне толықтыру енгізу туралы» Заңы электромобильдер үшін бөлінген орындарда көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтатып тұру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу мақсатында әзірленді.
Жалпы, түзетулер электр жанармай құю станциялары желісінің ұлттық әкімшісін құруға және электромобилизмді дамытуға, оның құқықтық жағдайы мен өкілеттіктерін анықтауға, сондай-ақ электромобильдер үшін инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Осылайша, Заңды іске асырудың теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдары жоқ екенін айтуға болады.
Құрметті әріптестер!
Қарастырылып отырған Заңды қолдап, бас комитетке ескертулер мен ұсыныстарсыз жіберуді сұраймын.