Тәжікстанға сапар. Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымақтастығы.
Қазіргі таңда Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымақтастығы айтарлықтай нығайып келеді. Бұл – өзара құрмет пен достыққа табан тіреген жоғары деңгейдегі қарым-қатынастың нәтижесі.
Жалпы, бүгінгі алмағайып заманда мұндай ынтымақтастықтың маңызы зор. Сондықтан аталған саланы ілгерілетуге парламентаралық бағытта да баса мән беріліп отыр. Осыған байланысты бір топ әріптесіммен бірге Тәжік еліне келдік. Белсенді саяси байланыс қазақ-тәжік қарым-қатынасының даму қарқынын және зор әлеуетін көрсетеді. Биыл тамызда Президентіміздің Тәжікстанға сапарының нәтижесінде бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілген болатын. Сол кезде қол қойылған Одақтастық қатынастар туралы тарихи шарт екі ел ынтымақтастығының жаңа кезеңіне жол ашқаны анық.
Тәжікстанға сапарымыз аясында осы елдің Конституциясының 30 жылдығына арналған халықаралық парламенттік конференцияға қатыстық. Ауқымды іс-шара – конституциялық құқықты дамыту мәселелерін талқылауға және заңнамалық органдар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды бастама.
Жалпы, қазіргі сын-қатерлер бізден тиімді диалог орнатып, жаһандық өзгерістерге лайықты жауап беретін заңнамалық тетіктерді бірлесіп әзірлеуді талап етеді. Бұл ретте парламенттік дипломатия маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Кездесуде осы бағыттағы мәселелерге кеңінен тоқталып, пікір алмастық.
Конференция алаңында Тәжікстан Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы Рустами Эмомалимен, Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен, Әзербайжан Милли Мәжілісінің Спикері Сагиба Гафаровамен және басқа да әріптестерімізбен бірқатар екіжақты кездесулер өткізілді.
Алдағы уақытта бұл сапар Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, өңір елдерінің парламентаралық байланысын арттыруға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз.
https://www.facebook.com/share/v/15JFiPCLee/?mibextid=WC7FNe