«TikTok-ты құқықтық ретке келтіру» туралы депутаттық сауал
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А. Бектеновқа
Құрметті Олжас Абайұлы!
Бүгінгі таңда TikTok әлеуметтік желісі әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен танымалдыққа ие. Біздің елде де бұл желінің қолданушылар саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. Көрші елге тиесілі бұл платформаны кей креативті жандар жасөспірімдерді кәсіпке, білімге, ел тарихына қызықтыруға пайдаланып та жүр. Бірақ ондай контент саны өзге контентпен салыстырғанда шөлге тамған тамшыдай. TikTok-тағы контенттің басым бөлігі қандай сарында екенін мен айтпасам да, өздеріңіз байқап жүрсіздер. Әлемдік практикаға назар салсақ көптеген мемлекет әртүрлі себептерге байланысты аталған платформаға ішінара тыйым салып отыр. Оларды жинақтай келе мынадай себептерді атауға болады:
Біріншіден, балалардың психикалық денсаулығы алаңдаушылық туғызады. TikTok-тағы кейбір контент балалардың мінез-құлқына теріс әсер етіп, оларды жалған идеалдарға жетелеп, тәуелділікке әкелуі мүмкін. Қырғызстан осы мақсатта платформаға тыйым салып, балалардың психикасын қорғауға бағытталған қадам жасады.
Екіншіден, киберқауіпсіздік – қазіргі заманғы цифрлық әлемнің басты мәселелерінің бірі. Франция мен басқа да елдер TikTok-тың пайдаланушылардың деректерін жинау әдістеріне күмәнданып, желіге шектеулер енгізді. Қазақстанда да киберқауіпсіздікке назар аудару өте маңызды, өйткені жеке және мемлекеттік мәліметтердің қорғалуы ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты.
Үшіншіден, мәліметтердің құпиялылығы да үлкен алаңдаушылық туғызады. Канада TikTok-ты деректердің қауіпсіздігіне байланысты шектеу шараларын енгізген. Бұл платформаның пайдаланушылар туралы мәліметтерді жинау және оларды сақтау тәсілдері күмәнді болуы мүмкін, ал бұл Қазақстан үшін де өзекті мәселе.
Төртіншіден, қоғамдық тұрақтылықты сақтау мақсатында да шектеулер қажет. TikTok-та жалған ақпарат пен арандатушы мазмұндардың таралуы елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа теріс әсер етуі ықтимал. Жалған ақпараттың кеңінен таралуы қоғамда дүрбелең тудырып, қоғамдық пікірді бұрмалауы мүмкін.
Бесінші мәселе – адамның денсаулығына физикалық және моральдық тұрғыда қауіп төндіру. TikTok желісінде соңғы уақытта стрим форматында өткізілетін жарыстар кеңінен таралып, олардың аясында жеңілген адамға жеңімпаз тарапынан әртүрлі тапсырмалар беріледі. Аталған тапсырмалар алғаш қарағанда қызық әрі көңіл көтеруге бағытталған секілді көрінгенімен, олардың кейбіреуі адамның денсаулығына физикалық және моральдық тұрғыда елеулі зиян келтіретінін байқаймыз. Мысалы, «зеленка іш», «аузыңа шамды сал», «іш киіміңді көрсет», «өзіңді көлік жуатын кешермен атқылат» және осы секілді бұйрықтар адамның өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін, сондай-ақ қоғам алдында адамның абыройын түсіріп, моральдық тұрғыда зорлық көрсетіп, заңнамада қарастырылған азаматтық құқықтарды бұзады.
Құрметті Олжас Абайұлы!
Бұл мәселені әріптестерімізбен бірнеше рет көтерген болатынбыз, бірақ тиісті нәтиже жоқ.
Осы ретте, жоғарыда аталғандарды ескере отырып, келесіні ұсынамыз:
1) TikTok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсынуы;
2) TikTok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсынуы;
3) 13 жасқа толмаған балалардың TikTok-қа ата-анасының телефонынан кірген жағдайда Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру.
Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз.
Бұл мәселелердің шешімін табу ел азаматтарының денсаулығын және моральдық құндылықтарын сақтап қалуға, сондай-ақ жастар арасында таралып жатқан қауіпті әдеттерді азайтуға бағытталған қадам болмақ.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
Г. ШИПОВСКИХ
Е. БОЛЬГЕРТ
О. БУЛАВКИНА
Б. ЖЕКСЕНБАЙ
Н. ЖҮСІП
З. КУЗИЕВ
Л. РЫСБЕКОВА
Н. НИЯЗОВА
А. НУХҰЛЫ
А. САТВАЛДИЕВ