Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Жетімдерді әлеуметтік қолдау» туралы депутаттық сауал

07.11.2024 291

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А. Бектеновқа

 

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

Қандай қоғамда да жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың болуы өкінішке орай, табиғи жайт.

Біз о бастан жетімін далада қалдырмаған, жесірін қаңғыртпаған елдің ұрпағымыз. «Жетім көрсең, жебей жүр» дейтін терең ізгілік пен қайырымдылыққа толы қағиданы ұстанған, әрі оны іс жүзінде орындай білген халықпыз. Бүгінгі күні де осы айнымас дәстүрімізден жаңылған жеріміз жоқ деп айтуға болады.

Иә, Үкімет тарапынан да жетімдерімізге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Десек те, «жетімдеріміз сол қолдауларды алу барынсында қандай қиындықтарға тап болады және көрсетілген қолдаулар жеткілікті ме?» деген орынды сұрақ туындайды.

Мәселен, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға баспана алуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалармен жеңілдіктер қарасытырлаған деп ақпарат беруде. Алайда, 2022 жылы шекті жасқа толған жетім балалардың 61 471-і мемлекеттік тұрғын үй қорында кезекте тұрса, оның 852-сі ғана баспаналы болған. Дәл солай, 2023 жылы кезекте тұрған 62 290 азаматтың 809-ы ғана баспанаға қол жеткізген екен.

Келесі мәселе – олар мектеп бітіргеннен кейін бұрынғы тәрбие алған орнымен қоштасады. Сол кезде жетім балалардың бірқатарының бастарын тауға да, тасқа да соғып, не істерін білмей дал болатын кездері жиі кездеседі. Бұл уақытта жетім балалардың колледждер мен жоғары оқу орндарына түсуі үшін бөлінетін грант квотасын көбейту манызды. Алайда, бұл арада шешуші әрі маңызды рөл атқаратын мәселе – жұмыспен қамтудың шешімін табу болмақ. Өкінішке орай, бүгінгі күні орта мектепті бітірген жетім балалардың жұмысқа орналасу көрсеткіші көңіл көншітпейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, ағымдағы жылы мансап орталықтарының квотасы шеңберінде барлығы 4 275 адам жұмысқа орналасты, оның 85-сі ғана жетімдер. Бұдан бөлек, жастар арасында жұмыспен қамту шараларымен 188 663 адам қамтылса, оның небәрі 56-сы ғана жетім балалар.

Бұл мәселені көтеру себебім, өзім де ата-анадан ерте айырылып, балалар үйінің тәрбиесін көрдім және бұл мәселелерді іштен білемін десем артық болмас, сондай-ақ ондағы жолдастарымызбен осы күнге дейін араласып тұрамыз. Онымен қоса, менің атыма жетім азаматтарымыздан көптеген өтініштер келіп түседі, олардың басым бөлігі жоғарыда айтылғандай баспана алу мен жұмысқа орналасуға қатысты.

Тағдыр тәлкегіне тап болған тастанды және жетім балалардың жай-күйі баршамызды бейжәй қалдырмайды деп сенемін.

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

Аталған мәселелерді ескере отырып, келесіні ұсынамын:

1) шекті жасқа жеткен жетім балалардың баспана кезегінің бірнеше жылдарға созылып кетуіне байланысты арнайы баспана бағдарламасын әзірлеп, жұмыс алгоритмін ұсыну;

2) жастайынан тағдырдың тәлкегіне түскен жетімдерімізге оқу орнынан кейінгі арнайы жұмыспен қамту бағдарламасын әзірлеуді сұранамын. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.

 

 

Құрметпен,

Г. ШИПОВСКИХ

Бөлісу