«Қаржылық пирамидалардың қызметі» туралы депутаттық сауал
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг
агенттігінің төрағасы
Ж.Қ. ЭЛИМАНОВҚА
Құрметті Жанат Қалдыбекұлы!
Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесіне баса назар аударылған болатын. Осы Жарлықтан соң бірқатар мектептер, колледждер мен жоғарғы оқу орындарының студенттерінің тәрбие ісіне қаржылық сауаттылықты енгізу мәселесі жолға қойыла бастаған. Оған қоса, Қылмыстық кодекстің 217-бабына «Қаржылық пирамиданы жарнамалау бойынша» деген қосымша тармақ та енгізілген еді.
Тиісті мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жасап жатқан жұмысын БАҚ беттерінен көріп жүрміз. Бұл, әрине қуантарлық жағдай. Дегенмен, ел азаматтарының қаржылық пирамидалардың құрсауына түсіп қалуы әлі де басылар емес.
Бас прокуратураның дерегінше, Қылмыстық кодекстің 217-бабы, яғни «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша 2021 жылы – 233 іс, 2022 жылы – 104 іс, ал биылғы жылдың тоғыз айы бойынша – 89 іс сотқа жіберілген. Аталған статистикаға қарасақ, жылдан-жылға қаржылық пирамиданың құрбандары азайып келе жатқан секілді көрінуі мүмкін.
Ал, сол пирамидалардан жапа шеккендердің тізіміне қарайтын болсақ, керісінше статистиканы байқаймыз: 2021 жылы жәбірленушілер саны – 1259, 2022 жылы – 892, ал биылғы жылдың тоғыз айы бойынша жәбірленушілер саны – 2079 адамды құрап отыр. Аталған статистикада тек сот жәбірленуші деп таныған адамдардың тізімі көрсетілген. Жылдап жүріп жатқан жүздеген сот ісі аяқталса, бұл тізімнің де өсері сөзсіз.
Жоғарыда аталған деректерден қаржы пирамидалары азайғанымен, әрқайсысы адамдарды барынша көбірек тартудың заманауи, құйтырқы әдістерін тауып отырғандығын байқаймыз.
Қаржылық пирамидалар осы күнге дейін ел экономикасына миллиардтап шығын келтірді. Ең сорақысы, қаншама отбасының шаңырағын шайқалтты.
Жуырда менің атыма «Amanat Home» мен «Amanat Halyk» кооперативтерінің 42 салымшысының атынан арыз келіп түсті. Онда кооперативтерге ақша салып, не баспанасын алалмай, не салған ақшасын қайтара алмай отырған азаматтардың жан айқайы жеткізілген. Бұл дегеніміз, қаншама отбасының берекесі қашып, қаншама баланың психологиясы бұзылып жатыр деген сөз.
Әділет министрлігінің Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі «Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне» және салымшылардың ақпаратына сәйкес, «Amanat Home» кооперативін сотқа беріп, шешімі шығып, ол орындалмай, ақшасы кері қайтпағандар саны 453 адамды құрайды. Жалпы келтірілген залалдың шығыны 1 193 231 420 теңгені құрап отыр.
Аталған кооперативтердің қаржылық пирамидаға жататынын не жатпайтынын құзырлы органдар анықтай жатар, біз ешкімді айыптамаймыз. Десек те, салымшылырдың өз ақшаларын ала алмай, өз жұмыстарын тастап, айлап-жылдап прокуратура мен сот ғимаратының табалдырығын тоздырып жүруі көз жұма қарайтын жеңіл мәселе емес.
Құрметті Жанат Қалдыбекұлы!
Қаржылық пирамидалардың алдын алуға бағытталған қажетті тетіктердің бәрі бар, сондай-ақ Парламент тарапынан да заңнама күшейтілді және қолдаулар көрсетілуде. Десе де, қаржылық пирамида ұйымдарынан зардап шеккендердің саны қысқарар емес. Нәтиже көңіл көншітпейді. Не себепті осы күнге дейін қаржылық пирамида ұйымдарын жеңе алмай келеміз?
Сонымен қатар, қаржылық пирамиданы алдын алуға бағытталған қандай шаралар жүзеге асуда және атқарылып жатқан жұмыстарды одан әрі күшейтуге бағытталған қандай жоспарларыныз бар?
Осы бойынша «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңына сәйкес, жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
Г. ШИПОВСКИХ
Е. БОЛЬГЕРТ
З. КУЗИЕВ
Н. НИЯЗОВА
А. САТВАЛДИЕВ