«Кәсіпорындарды жекешелендіру» туралы депутаттық сауал
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А.Ә. Смайыловқа
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылғы 5 мамырда бүкілармиялық кеңесте «Армиямызды толыққанды қаруландыруда және жаңғыртуда отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені маңызды рөл атқарады» деген болатын.
Осы ретте Үкіметке әскери өнімдер мен қызмет түрлерінің номенклатурасын кеңейту үшін барлық шараны қабылдауды тапсырды.
Жалпы қорғаныс өнеркәсібі ел экономикасының маңызды секторларының бірі. Десе де, бұл ең алдымен, мемлекеттің әскери қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз етудің маңызды факторы екенін атап өткіміз келеді.
Тәуелсіздік жылдарынан бері осы маңызды салада бірқатар өзгерістер болды. Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының басым бөлігі жекешелендіруден өтіп, қазір жеке меншікте.
Алайда, қолданыстағы кәсіпорындардың құзыреттерін қолдау және жаңаларын дамыту мақсатында неғұрлым перспективалы, даму әлеуеті бар кәсіпорындардың мемлекеттің бақылауында болғаны маңызды.
Бүгінгі күні отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің өзегі болып табылатын «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы активтерінің құрылымына 15 кәсіпорын кіреді, оның ішінде «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің қаулысына (2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908) сәйкес, 4 активті сату көзделіп, оның 1-еуі «Тыныс» Акционерлік қоғамы ағымдағы жылғы мамыр айында сатылып кетті.
Осылайша, «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы күштік құрылымдарды ең көп сұранысқа ие қару-жарақ пен әскери техникамен толық қамтамасыз ете алмау қауіпі бар.
Осыған байланысты депутаттар мемлекеттің қорғаныс өнеркәсібін бақылауды сақтауға бағытталған заңнамалық түзетулерге бастамашылық жасады. Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы мәселелерін қозғайтын заң жобалары қазір Мәжілісте қаралуда.
Осы заң жобалары шеңберінде және заң шығару процесінің ағымдағы сатысында өзінің нормативтік-құқықтық реттелуін талап ететін қандай да бір мәселелерді шешуге болады деп ойлаймын.
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Мемлекет үшін қорғаныс өнеркәсібіне жататын кәсіпорындарды жекешелендіру келесі қауіпті нәтижелер туындатуы мүмкін:
- 1. Мемлекет тарапынан жеке меншік қорғаныс өнеркәсібін қадағалау мүмкіндігінің азаюы;
- 2. Қорғаныс өнеркәсібіне шетелдік инвесторлардың қатысуы болашақта, оның қызметін мемлекетке кері пайдаланылмайтына кепілдіктің болмауы;
- 3. Соғыс жағдайында қорғаныс өнеркәсібінен айырылып қалу мүмкіндігінің туындауы.
Осыған орай, Жекешелендірілген мүлік тістегеннің ауызында, ұстағанның қолында кетпес үшін Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін объекттерді жекешелендіруге жол берілмеуін талап етеміз.
«Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің қаулысын қайта қарауды сұраймыз.
Осы бойынша «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңына сәйкес, жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
Г. ШИПОВСКИХ
Ж. АСАНОВА
Е. БОЛЬГЕРТ
С. ЕРШОВ
Б. ЖЕКСЕНБАЙ
З. КУЗИЕВ
Н. НИЯЗОВА
Ғ. САРЫБАЕВ
А. САТВАЛДИЕВ
Қ. ТАСТЕКЕЕВ