Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы

19.09.2024 259

Сіздердің қарауларынызға «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» Заңы ұсынылып отыр.

Мемлекет басшысының 2024 жылғы ақпандағы Қатарға сапарының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы уағдаластықтарды іске асыру үшін ағымдағы жылғы 20 наурызда Доха қаласында Келісімге қол қойылды.

Келісім инвесторлар үшін тәуекелдерді азайтуды, тартымды инвестициялық орта қалыптастыруды көздей отырып, елімізге жалпы сомасы 20 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Жалпы, Келісімде елімізде телекоммуникация, энергетика, газ өндіру және тасымалдау, қаржы салаларын қоса алғанда, 9 бірлескен инвестициялық жобаны іске асыру көзделеді, оның ішінде:

 

Бірінші. «BEREKE BANK» АҚ-ның 100% акциясын «LESHA BANK»-тың сатып алуы жөніндегі жобасы

Бұл жоба Мемлекет басшысының 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде қаралған банк саласындағы бәсекелестікті арттыру мақсатында елге 3 сенімді шетелдік банкті тарту тапсырмасының іске асырылуын қамтамасыз етеді.

Жобаны іске асыру қаржы жүйесіне жаңа капитал тартуға мүмкіндік береді.

 

Екінші. «МОБАЙЛ ТЕЛЕКОМ-СЕРВИС» (ТЕЛЕ-2) компаниясын сату жобасы

Қатарлық «Power INTERNATIONAL HOLDING» компаниясының Теле2-ге салған инвестициялары озық технологияларды енгізуге, телекоммуникациялық инфрақұрылымды кеңейтуге және халықаралық стандарттарға сәйкес бизнес-процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.

 

Үшінші. Келісім қуаттылығы жылына 1, 2.5, 6 млрд текше метр газ өңдеу зауыттарын салу жөніндегі 3 жобаны қамтиды.

Аталған жобаларды іске асыру Қашаған кен орнының ресурстық базасын ұтымды пайдалануға, сондай-ақ елдің ішкі қажеттіліктерін жабу үшін тауарлық газ өндірісін ұлғайтуға бағытталған.

Төртінші. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобасы

Жобаны іске асыру еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ газ тасымалдау жүйесінің өткізу қуатын ұлғайтуды, Қытай Халық Республикасы бағыты бойынша газ экспортының көлемін сақтауды, Алматы жылу электр орталығын газға ауыстыруды қамтамасыз етеді.

Құрылыс кезеңінде - 3500-4000-ға жуық, пайдалану кезеңінде - 200-300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

 

Бесінші. КС-14 жаңа компрессорлық станциясы мен «КС-14-Қостанай-Ақтөбе» магистральдық газ құбырын салу жобасы

Жоба Қостанай қаласы мен Қостанай облысының тұрғындарын газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ еліміздің газ тасымалдау жүйесінің өткізу қуатын арттыруға бағытталған.

Құрылыс кезеңінде - 1000-2000, пайдалану кезеңінде - 300-400 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

 

Алтыншы. Қызылорда облысында бу-газ қондырғысы базасында электр станциясын салу жобасы

Жобаны іске асыру жаңа маневрлік қуаттарды енгізу мақсатында бу-газ қондырғысын салуға, сондай-ақ «Қызылорда-Шымкент» және «Қызылорда-Жезқазған» электр беру желілерін салуға бағытталған.

Құрылыс кезеңінде - 2000, пайдалану кезеңінде - 500 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

 

Жетінші. Ертіс өзенінде қуаты 350 МВт-қа дейін су электр станциясын салу жобасы

Жоба жаңа маневрлік қуаттарды енгізу, сондай-ақ Шүлбі су электр станциясының контрреттеу функциясын орындау мақсатында әзірленді.

Жобаны іске асыру Шүлбі су электр станциясының тиімділігін 1050 МВт-қа дейін ұлғайтуға, сондай-ақ Ертіс өзенінің ағысы бойынша қысқы кезеңде су тасқыны ықтималдығын жоюға мүмкіндік береді.

Құрылыс кезеңінде - 800, пайдалану кезеңінде - 150 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Жалпы, Келісімде қазақстандық тарап қатарлық инвестициялар үшін тұрақты салық режимін, сондай-ақ Қазақстан аумағында қатарлық инвестицияларды қорғауды қамтамасыз етеді.

 

Құрметті әріптестер!

Қарастырылып отырған Заңды қолдап, бас комитетке ескертулер мен ұсыныстарсыз жіберуді сұраймын.

Бөлісу