«Синтетикалық есірткі мәселесі» туралы депутаттық сауал
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А. Бектеновқа
Құрметті Олжас Абайұлы!
Мемлекет болып, қоғам болып кешегі Мағжан сенген жастарды тәрбиелеп шығаруға бағытталған түрлі жобалар мен шаралар жүзеге асуда. Десе де, сол жастарды қазіргі «синтетикалық есірткі» деген тұтынудың жаңа тенденциясынан сақтай алмай отырмыз.
Синтетикалық есірткі – халықымыздың денсаулығына, ұлттық тегімізге, экономикамызға, құқықтық тәртіп пен мемлекеттік қауіпсіздігімізге өте қауіпті қатер екені сөзсіз.
Балалар мен жасөспірімдер ең осал орта болып табылғандықтан қаскөйлер жастардың миын улап, синтетикалық есірткіні қол жетімді бағада етіп, интернет мессенджерлерде еш кедергісіз сатуда.
Бұл мәселе кеше-бүгін шыққан дүние емес, осы күнге дейін Парламент мінберінде, оның ішінде Сенаторлар бірнеше рет нақты мәселелермен көтерген болатын, сондай-ақ БАҚ-та және қоғамдық ұйымдар тарапынан да тынымсыз көтеріліп келеді. Одан бөлек, Мемлекет басшысы да 2022 жылғы Жолдауында синтетикалық есірткімен күресті мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде атап, бұл бағытта жұмысты күшейтуді әрдайым талап етіп келеді.
Ал, ендігі кезекті ресми статистикаға берейік.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ақпаратына сәйкес, 2021-2023 жылдар аралығында синтетикалық есірткі заттарын таратқаны үшін 1021 азаматқа қылмыстық іс қозғалып, оның 246-сы 2021 жылы, 314-і 2022 жылы, 461-і 2023 жылы жауапқа тартылған.
Дәл солай соңғы 3 жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 100 келіден 1 тоннаға дейін өскен. Яғни, 2021 жылы тәркілеу көлемі 100 келі болса 2023 жылы 1 тонна 100 келіні құрап отыр.
Сонымен қатар, арнайы және құқық қорғау органдары 2021 жылы 17, 2022 жылы 68, 2023 жылы 81 есірткі зертханасының қызметін анықтады.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда синтетикалық есірткілерді заңсыз өндіру мен таратуды жолға қойған 2 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық есірткі тобының қызметі тоқтатылды. Оның ішінде 10 шетел азаматы қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Иә, аталған статисткадан есірткіге қарсы күрестің жанданғаның байқауға болады. Сонымен қоса, өкініштісі, синтетикалық есірткіні өндіру мен тарату бизнесінің қаншалықты деңгейде өскені де байқалады.
Құрметті Олжас Абайұлы!
Қаскөйлердің бұл кәсібі соншалықты дамыған сайын саналы ұрпақтарымыздан айырылатынымыз сөзсіз. Сондықтан есірткі қаупіне белсенді қарсы тұру – мемлекет пен қоғамның ең маңызды міндеттерінің бірі.
Осы ретте, сізге келесі ұсыныстарымыз бар.
1. Елдегі есірткі саудасының өршуіне байланысты тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне бағынышты арнайы есірткіге қарсы қызмет жүргізетін жеке-дара мекеме құру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Осы секілді мекемелер халықаралық тәжірибеде Ресей Федерациясы мен Аргентина мемлекетінде қолданыста бар.
2. Синтетикалық есірткіні сатуға қатысатын сайттардың жарнамалау фактілерінің жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтіп, жарнамалаушыларды қатаң жазалау қажет.
3. Мектеп, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында білімгерлерге есірткіні таратудың және алаяқтар уәде еткен жеңіл ақшаға ұмтылудың салдары туралы түсіндіру шараларын жандандыру қажет.
4. Жастар, әсіресе студенттер арасындағы синтетикалық есірткіні тасымалдаушылардың (закладчик) санының өсуіне байланысты нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді орынды деп санаймыз.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
Г. ШИПОВСКИХ
Е. БОЛЬГЕРТ
З. КУЗИЕВ
Д. ҚЫДЫРӘЛІ
А. ЛУКИН
Н. НИЯЗОВА
Ғ. САРЫБАЕВ
А. САТВАЛДИЕВ