Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

"Алаяқтық мәселесі туралы" депутаттық сауал

21.12.2023 296

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің орынбасары

– Қаржы министрі

Е.К. ЖАМАУБАЕВҚА

 

 

Құрметті Ерұлан Кенжебекұлы!

 

«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, бүгін ескі жараның орнын тырнамақшымыз. Ол – алаяқтық мәселесі. Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз да, не теледидар жаңалықтарын көрем десеңіз де «алаяқтардың құрбаны болғандар» жайлы жаңалықтардан көз сүрінеді.

Заманауи технология дамыған сайын, алаяқтардың алдау схемасы да қоса дамып келе жатыр. Қазір тіпті жасанды инттеллект арқылы жақын адамыңның дауысын салып, ақша сұрайтындарды да көріп отырмыз.

Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет» деген болатын.

Тиісті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың алаяқтықты алдын алуға бағытталған жұмыстары да жоқшылық емес. Тіпті жақында әлеуметтік желіні шулатып өткен, әйгілі режиссер Олжас Нұрбайдың шынайы оқиғалар негізінде түсірілген «Мошенники» атты сериалын ерекше атап өткіміз келеді. Бұл кино-туындыдағы болып жатқан оқиғалар қарапайым халықтың өмірінен алынған және қазіргі заманауи алаяқтардың жұмыс тетігін жан-жақты көрсетіп, халыққа пайдалы ақпарат ұсынды деген сенімдеміз. Бұл, әрине қуантарлық жағдай.

Дегенмен, халқымыздың алаяқтардың құрсауына түсу қауіпі әлі де басылар емес.

Ал, енді ресми статистика сөйлесін. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикалық деректеріне сүйенсек:

- 2021 жылы республика аумағында 40 402 алаяқтық фактісі  тіркеліп, одан 39 671 азамат 120 341 млн теңге көлемінде зардап шеккен;

-        2022 жылы 42 813 алаяқтық фактісі тіркеліп, одан 42 621 азамат                97 329 млн теңге көлемінде зардап шекті;

-        ал, ағымдағы жылғы он айдың өзіңде 36 462 алаяқтық фактісі тіркеліп, одан 37 987 азамат 154 110 млн теңге көлемінде зардап шеккен.

Алдыңғы жылмен салыстырсақ, тіркелген алаяқтық саны 15%-ға азайған, ал зардап шеккендердің қаржылай шығыны, керісінше, 58%-ға артқан. Бұл дегеніміз алаяқтар саннан гөрі «сапаға» әрекет етпекке көшкен. Нақтырақ айтқанда, «әр құрбаннан» барынша көп ақша өндірудің жолын тапқан. Дәл осындай тенденцияны біз қаржылық пирамида жайлы статистикалық деректерден де байқағанбыз.

Бұдан өзге, еліміздің банктеріне де бірқатар сынымыз бар. Мәселен, қазіргі таңда банктердің барлығы цифрландыру бағытында үлкен қадам жасады. Біз тұтынушылар ретінде көп мүмкіндіктерге ие болғанымыз рас. Десек те, алаяқтардың махинациялық операциялары бүгінгі күні сол банктердің жүйесі арқылы да өтіп жатқаны жасырын емес. Таңқалатын жәйт, банктер қомақты пайда таба отырып, неге өздерінің кибер қауіпсіздігін күшейтпейді және тұтынушыларын алаяқтардан қорғай алмайды? Бұл сұрақ тек біздің емес, күллі халықтың көкейінде жүр деп білеміз.

 

Құрметті Ерұлан Кенжебекұлы!

 

Жоғарыда айтылғандарды есекре отрып, сізге келесі сұрақтарымыз бен ұсыныстарымыз бар.

1. Жүздеген адамның қаржысын небір құйтырқы жолдармен иеленуге басы жеткен адамның өз мүлкін өз атына жазбасы анық. Осы ретте, алаяқтың өз атында мүлкі болмаса, шығын кімнің есебінен өтеледі және оның алгоритмі қалай болмақ?

2. Алаяқтармен күресу жолында құзырлы органдар заманауи тәсілдер мен мемлекеттік толық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жұмыс нәтижесін жоғары көрсетуі қажет.

3. Еліміздегі қызмет көрсетіп жүрген банктер өзінің тұтынушыларын алаяқтардан қорғау мақсатында жүйені бір қалыпқа келтіріп, кибер қауіпсіздікті жаңа дәрежеге көтеруі қажет.

Осы бойынша «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңына сәйкес, жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.

 

Құрметпен,

 

Г. ШИПОВСКИХ

                           

Е. БОЛЬГЕРТ

 

З. КУЗИЕВ

 

Н. НИЯЗОВА

 

А. САТВАЛДИЕВ

Бөлісу