"Теміржолшылардың әлеуметтік мәселелері туралы" депутаттық сауал
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің бірінші орынбасары
Р.В. Склярға
Құрметті Роман Васильевич!
Еліміздегі логистика саласы экономикамыздың басты бағыттарының бірі болып табылады, оның ішінде автокөлік, әуе, темір жолдары, жүк тасымалы және тағы да басқалары.
Жалпы логистиканың барлық түрі мемлекетіміздің дамуында айрықша рөл атқарады. Тіпті жақында сол саланы одан әрі дамыту мақсатында Көлік министрлігі де құрылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауларында үнемі еңбек адамына ерекше мән береді. Себебі еңбек адамы еліміздің ұлттық экономикасында аса маңызды орын алатыны сөзсіз.
Осы ретте, мына мәселеге тоқталғымыз келеді, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясында қарапайым жол жөндеушілерден бастап, офистегі түрлі клерктер мен басшылықты есептегенде 140 мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Мұндағы «вагон құрастырушысы», «жол жөндеушісі», «байланыс және белгі беру» мамандары сынды тағы да басқа қарапайым жұмысшылардың әлеуметтік мәселелері ерекше аландатады.
Біріншіден, бұл жалақы мәселесі. Көлік министрлігінің ақпаратына сәйкес, ең төменгі санаттағы «байланыс және белгі беру» мамандарының жалақысы Ақтөбеде 382 мың теңге, Қызылордада 354 мың теңгені құраса, ең төменгі санаттағы «жол жөндеушінің» жалақысы Абай облысында 285 мың теңге, Павлодар облысында 280 мың теңгені құрайды.
Ал, өңірлердегі теміржолшылардан алған мәліметтерге сүйенетін болсақ, ең төменгі санаттағы «байланыс және белгі беру» мамандарының қолға алатын жалақысы Ақтөбеде жобамен 200 мың теңге, Қызылордада 180 мың теңге, дәл солай ең төменгі санаттағы «жол жөндеушінің» жалақысы Абай облысында 166 мың теңге, Павлодар облысында 205 мың теңгені құрайды.
Министрлік пен өңірлердегі теміржолшылардан алған ақпарат екеуі екі түрлі. Біз қайссына сенеміз? Әрине халықтын ақпаратына сенеміз.
«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының соңғы 3 жылдық табысы 263 748 млн теңгені құрайды, ал 2023 жылғы 6 айдын өзіңде 108 250 млн теңгені құрап отыр.
Біздің ойымызша мұндай табыспен темір жол саласындағы қыстың көзі қырауда, жаздың күні ыстықта далада жұмыс атқарып жүрген қарапайым мамандық иелерінің жалақысын көтеруге болатыны сөзсіз.
Екіншіден, қозғауды талап ететін мәселе: жоғарыда аталған қарапайым жұмысшылардың зейнет жасы.
Өздеріңіз ойлап қараныздар, 63-ке Пайғамбар жасына келіп, күннің ыстық пен суығына шыдап, шойын жолдың темірін ұстап, поездарды құрастырып, инфрақұрылымын жөндеу оңай ма? Әрине, оңайға соқпайды. Алайда, бұл мәселенің шешу жолдарын табуға болады.
«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясында жұмыс жасап жүрген локомотивтік бригадалар, яғни локомотив машинисті және көмекшісі мекеме арқылы корпаративтік келісім құрып, 57 жастан өздерінің қалауы бойынша салалық зейнетке шыға алады, ал 63 жасқа келгенде мемлекеттік зейнетке көшеді. Қарапайым жұмысшы мамандық иелерінің зейнет жас мәселесін де осындай тетіктер арқылы шешуге әбден мүмкіндігіміз бар.
Үшіншіден, маңызды блогтардың бірі, бұл теміржолшылардың тұрғын үй мәселесі.
Мемлекеттік қызметте, қарулы күштерде және басқа да санаттарда жұмыс атқарып жүрген азаматтар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламалары бар. Ал, 140 мыңға жуық қызметкері бар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қарапайым жұмысшылары үшін өңірлерде арнайы тұрғын үй бағдарламалары қарастырылмаған. Бұл нағыз парадокс. Егер де бұл мәселе оң шешімін табатын болса қаншама отбасы бақытқа бөленіп, баспаналы болар еді.
Құрметті Роман Васильевич!
Жоғарыда аталған мәселелерді ескере отырып, келесіні ұсынамыз:
1. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жылдық табысын, мемлекет тарапынан берілетін субсидияны және инфляцияны ескере отырып, темір жол саласының қарапайым жұмысшыларының жалақысын көтеруді;
2. Темір жол саласындағы қарапайым жұмысшыларға корпаративтік келісім немесе басқаша тетіктерді қарастыра отырып, 55 немесе 57 жастан зейнетке шығаруды;
3. Темір жол қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламаларын құруды, сондай-ақ бағдарламаның тетіктерін барлық өңірлерге енгізіп, жергілікті атқарушы органдармен нақты алгоритмін жасауды.
Осы бойынша «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңына сәйкес, жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
Г. ШИПОВСКИХ
Е. БОЛЬГЕРТ
З. КУЗИЕВ
Н. НИЯЗОВА
А. САТВАЛДИЕВ