Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Темір жол мәселелері» туралы депутаттық сауал

21.09.2023 263

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

А.Ә. Смайыловқа

 

 

Құрметті Әлихан Асханұлы!

 

Логистика саласы ел экономикасының басты бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында ерекше мән берді.

Осы сала аясында темір жолдың маңыздылығы өте зор. Еліміздегі темір жолдар батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті байланыстырып отырған басты артериялар. Десе де, темір жолға қатысты бірқатар мәселелер бар екені сөзсіз.

Жақында Парламент Мәжілісіндегі әріптестеріміз осы салаға қатысты мәселелерді көтерген болатын. Бізде өз кезегімізде тайға таңба басқандай орын алып отырған бірқатар мәселелер мен сұрақтарға тоқталуды жөн көрдік.

Көлік министрлігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның ресми ақпараттарына сәйкес:

  1. 1)      Мемлекет тарапынан «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясына 2023 жылы жалпы 216 933 600 000 теңге қаражат бөлінді;
  1. 2)      ҚТЖ-ның 2021 жылғы табысы 120 611 млн теңге болса, 2022 жылы 34 887 млн теңге, ал 2023 жылғы 6 айда 108 250 млн теңгені құрайды;
  1. 3)      ҚТЖ-ның ішкі және сыртқы номиналды қарыздары  2 533 430 825 860 теңгені құрап отыр.

    Біздің ойымызша өте үлкен цифрлар, әрі қобалжытатын жағдай. Мәселен, бұрыңнан кележатқан проблемалар әлі өз шешімін таппай келеді.

    1. Қолданысқа берілгеніне көп уақыт болмаған Тальго жедел пойыздарын есептемегенде, стандартты вагондардың сапасы, сервисінің төмендігі, антисанитарлық талаптарының сақтаулмауы ешкімге жасырын емес. Еліміздің азаматтары бұл мәселе бойынша дабыл қағуда.

    2. Инфрақұрылым мәселесі ол да өршіп тұр. Көптеген темір жол желілерінің, вокзал ғимараттарының және қарапайым жұмысшылар үшін арналған демалыс үйлерінің әбден тозығы жеткен.

    Темір жол желілерінің ескіргендігі жолаушылар пойызының жылдамдығына өзіндік әсерін тигізуде. Мысалы, біздің Қазақстандық пойыздар сағатына 80-120 километр жылдамдықпен жүріп, кей жерлерде ғана 140-пен жүретін болса, көршілес Өзбекстанда сағатына 225 километр жылдамдықпен жүреді. Яғни Өзбекстан инфрақұрылым бойынша да, жылдамдық бойынша да әлдеқайда озды.

    3. Жаз мезгілі басталса болды билет тапшылығы басталады. Ағайынмен аралас құралас өмір сүретін халқымыздың аяқ асты қуанышы, не қайғысы орын алған жағдайда абдырап, билет таппай қалғанына куә болдық.

    Билеттер темір жол кассаларында да, интернет сайттарда да жоқ, бәрі алыпсатарлардың қолында. Олар, мысалға негізгі құны 10 000 теңге тұратын билетті халыққа 15 000 теңгеден сатады. Халық қайтсін, амал жоқ, сол билетті алуына тура келеді.

    Естерінізге сала кетейік, 2019 жылы Мемлекет басшысы осы мәселені шешу үшін арнайы тапсырма берген болатын. Алайда, мәселе өз шешімін тапты деуге аузымыз бармайды.

    4. «Қыстың көзі қырауда, жаздың күні ыстықта, мен тұрмын сені күтіп» демекші, халқымыз соңғы уақытта кешігіп жүрген пойыздарды сарғайып күтуде. Егер 15-20 минут, әрі кеткенде жарты сағат күтсе мейлі. Бірақ, 3-4 сағаттап күту, бұл сұмдық жағдай.

    Құрметті Әлихан Асханұлы, жоғарыда аталғандарды ескере отырып, келесіні ұсынамыз:

    - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы жұмысын жандандырып, бірінші кезекте жолаушылар жағдайын жақсартып, сервистік және антисанитарлық талаптарды күшейтуді;

    - Мемлекет тарапынан бөлінген және өздері тауып жатқан қаражатты ескере отырып, инфрақұрылым жағдайына баса назар аударуды, сондай-ақ сыртқы және ішкі қарыздарды азайтуды;

    - Билет тапшылығын қолдан жасап отырған алыпсатарлардың заңсыз әрекеттерінің жолын толығымен кесуді сұраймыз. Мемлекет басшысының тапсырмалары жерде қалмауы тиіс.

    Осы бойынша «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңына сәйкес, жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.

     

     

    Құрметпен,

                     

    Г. ШИПОВСКИХ

     

    Е. БОЛЬГЕРТ

     

    З. КУЗИЕВ

     

    Н. НИЯЗОВА

     

    А. САТВАЛДИЕВ

Бөлісу