Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»

04.12.2025 209

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның  
13-бабына сәйкес мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынады.

Коммуналдық мемлекеттік мекеменің директоры, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адам болып табылатын азамат Аскарбек Адылбекович Бельгибаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 13-бабының Қазақстан Республикасы Конституциясына, 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 154-бабына және 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлігі)  
895-бабына сәйкестігін тексеру туралы Конституциялық сотқа жүгінді.

Конституциялық Соттың 2023 жылғы 13 маусымдағы № 19-НҚ нормативтік қаулысымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 13-бабы Конституцияның 26-бабының 4-тармағына және 39-бабының 1-тармағына, егер мұндай шектеу конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсаттары негізделмесе, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік қызмет бостандығына құқығын шектеуді белгілеу бөлігінде сәйкес емес деп танылды.

Анықтама үшін:

Конституциялық Сот ӘҚБтК-нің 154-бабын Конституцияның 26-бабының     4-тармағына сәйкес деп тануға қаулы етті:

осы баппен көзделген іс-әрекетті жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда туындайды.

Бұл ретте, ӘҚБтК-нің 154-бабына түзету депутат У.Ш. Шапақтың бастамасы бойынша «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы                       10 қаңтардағы Заң шеңберінде іске асырылды.

Азаматтық кодекстің 895-бабына қатысты (ерекше бөлім) Конституциялық Сот мыналарды атап өтті:

Осы бапқа сәйкес кәсіпкерлік қызмет үшін пайдаланылатын мемлекеттік қызметшінің мүлкі заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда және тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге жатады. Бұл норма бланкеттік сипатта болады.

Конституциялық Сот Азаматтық кодекстің 895-бабының конституциялылығына баға бермейді, өйткені оның ережелері мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты емес.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға РМК, коммуналдық кәсіпорындарда, коммуналдық мемлекеттік мекемелерде (оның ішінде мектептерде, ауруханаларда) және квазимемлекеттік сектордың басқа да субъектілерінде (бұлар бірінші басшылар, олардың орынбасарлары, мемлекеттік сатып алу департаменттерінің басшылары, филиал басшылары) басқару функцияларын жүзеге асыратын адамдар жатады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң шеңберінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар үшін кәсіпкерлік және өзге де ақы төленетін қызметпен айналысуға тыйым салуды алып тастайтын түзетулер енгізіледі.

Сонымен қатар, бұрынғыдай, теңестірілген адамдар арасынан мұндай тыйым мыналар үшін сақталады:

- өкілеттіктерін тұрақты негізде жүзеге асыратын сайлау комиссияларының мүшелері – мұндай тыйым жоғары тұрған актіде – «Сайлау туралы» Конституциялық заңда бекітілгендіктен;

- Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілері – көрсетілген қызметшілер бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратындықтан;

– ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардағы, ұлттық және өңірлік даму институттарындағы, олардың еншілес ұйымдарындағы басқарушылар – осындай компаниялар қызметінің стратегиялық бағытына байланысты.

Сонымен қатар, Конституциялық Соттың ұсынымы бойынша заңмен теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік және өзге де ақылы қызметпен айналысуға құқығы жоқ екендігі белгіленетін болады:

1) егер тиісті қызмет олардың лауазымдық міндеттерін орындауына кедергі келтіретін болса;

2) егер тиісті қызмет олардың қызметтік мүлкін пайдалануына әкеп соғатын болса;

3) мүдделер қақтығысы болған кезде.

Сондай-ақ Конституциялық Сот оның тартымдылығын арттыру мақсатында мемлекеттік қызметті өткеру шарттарын жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Анықтама үшін:

КС НҚ дәлелді бөлігінің 2-тармағы:

Конституциялық іс жүргізу барысында анықталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы регламенттеуге және жекелеген тыйымдар мен шектеулерді практикада қолдануға байланысты проблемалар жеке және жария мүдделер арасындағы теңгерімді сақтай отырып, оның тартымдылығын арттыру мақсатында мемлекеттік қызметті өткеру шарттарын одан әрі заңнамалық жетілдіруге назар аудару қажеттігін куәландырады.

Осыған байланысты, заңда мынадай түзетулер көзделген:

1. Қолданыстағы заңнама бойынша мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында пайлық инвестициялық қорлардың, облигациялардың пайларын және коммерциялық ұйымдардың 5%-ға дейінгі жай акцияларын сатып алуға және сатуға құқылы. Сонымен қатар, аталған тұлғалар сатып алынған акцияларды сенімгерлік басқаруға беруге міндетті.

Акцияларды сенімгерлік басқаруға беру туралы шарт нотариаттық куәландыруға жатады. Нотариаттық куәліктің құны шамамен 30 мың теңгені құрайды. Барлық мемлекеттік қызметшілер бірден көптеген акцияларды сатып ала алмайды, сондықтан акциялардың аз мөлшерін сенімгерлік басқаруға беру дивидендтерден түсетін кірістерден көп шығыстарға әкеледі.

Елде халықтық IPO-ны дамыту жөніндегі акция іске асырылып жатқандықтан, заңмен коммерциялық ұйымдардың акцияларының 5%-ке дейін сенімгерлік басқаруға беру туралы талапты жою көзделген.

Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар халықтың өкілдері болып табылады және акцияларды сатып алуға тең құқықтарға ие болуға тиіс деп санаймыз.

2. Сондай-ақ, коммерциялық ұйымдардың пайларын, облигацияларын, жай акцияларының 5%-ке дейін тек ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында (қор биржасында) сатып алу және өткізу мүмкіндігі туралы шарт алынып тасталады, өйткені бағалы қағаздарды азаматтық-құқықтық мәміле арқылы сатып алуға, мұрагерлікке беруге және т. б. болады.

3. Салық кодексінің 633-бабының 1-тармағының 8) тармақшасы бойынша есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша меншігінде цифрлық активтері бар тұлғалар кірістері мен мүлкі туралы декларацияны табыс етеді.

Салық кодексінің 634-бабының 4-тармағына сәйкес «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес жеке тұлғалардың декларацияларын ұсыну бойынша міндет жүктелген жеке тұлғалар кірістері мен мүлікі туралы декларацияда цифрлық активтерді сатып алу және (немесе) иеліктен шығару туралы, сондай-ақ оларды сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтерді көрсетеді.

Осылайша, мемлекеттік қызметшілердің және оларға теңестірілген адамдардың цифрлық активтерді сатып алуына тыйым салынбайды.

 Заңда цифрлық активтерді пайдалану сенімгерлік басқаруға міндетті түрде берілуге жатпайтын кірістер алуға әкеп соғатын мүлік түрлерінің қатарында көрсету ұсынылады.

4. Азаматтық кодексте, «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы», «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы», «Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы» заңдарда мүлікті сенімгерлік басқару шартын міндетті нотариаттық куәландыру бойынша талаптар көзделмегендіктен, сенімгерлік басқару шартын міндетті нотариаттық куәландыру туралы норма алып тасталады.

Кадр қызметіне сенімгерлік басқару шартының нотариат куәландырған көшірмесі ұсынылатын болады (көшірменің нотариат куәландыруы шарттың нотариат куәландыруынан әлдеқайда арзан).

5. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдардың сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен табыс алу құқығы бекітілетін болады. Осыған ұқсас норма «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңда бар.

6. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңда Үкімет мүшелеріне өздеріне тиесілі тұрғын үйді жалға беруге тыйым салынады, өйткені «Үкімет туралы» Конституциялық Заңда және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда мұндай тыйым көзделмеген.

7. Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар үшін коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарды басқаруға қатысуға тыйым салу қолданыстағы заңнамада (саяси партиялар, кәсіподақтар, тұтыну және тұрғын үй-құрылыс кооперативтері) көзделген коммерциялық емес ұйымдар бөлігінде ерекшеліктермен толықтырылады.

 

Заңды қарау барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділ Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 15-тармағын орындауға бағытталған «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға түзетулер енгізуге бастамашылық жасады:

- заңда қайтарылған активтер және олардың нысаналы пайдаланылуы бойынша есептілікті ретке келтіру, атап айтқанда заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару жөнінде қабылданған шаралардың нәтижелері туралы, қайтарылған активтерді азаматтар мен мемлекеттің мүдделеріне пайдалану туралы ақпаратты жариялау мәселелерін көрсету;

- «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның 4-тарауының атауын «Құқықтық актілер туралы» Заңға сәйкес тарау баптарының мазмұнына сәйкес келтіру бөлігінде келтіру, өйткені ерікті және мәжбүрлеп қайтару активтерді қайтару жөніндегі шараларға жатады;

- ұлттық экономикаға қаражат инвестициялау және (немесе) әлеуметтік-мәдени объектілер салу не елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзге де салым түріндегі субъектілермен келісімдерге қатысты норманы егжей-тегжейлі регламенттеу;

- өзге келісімдердің мазмұнын егжей-тегжейлі регламенттеу, сондай-ақ ерікті түрде берілген активтерді заңсыз деп тану туралы норма.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары Конституциялық Соттың басқа да нормативтік қаулыларын іске асыру мақсатында түзетулер ұсынды:

- Жер кодексіне тек заң бойынша ғана емес, өсиет бойынша да мұрагерлік кезінде әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен жер пайдалану құқығын беру мүмкіндігіне қатысты (2025 жылғы 30 қаңтардағы
№ 64-НҚ КСНҚ);

- «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне егер ата-анасы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолданған немесе арнаулы салық режимдерін қолданатын ЖК болып табылған не Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен жағдайда кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алименттерді қатты ақшалай сомада ұстап қалуға қатысты (2024 жылғы
28 маусымдағы № 46-НҚ КСНҚ).

Осыған байланысты, заңның атауы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға (бастапқы атауы: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларымен сәйкестендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң) өзгертілді.

Сондай-ақ, заңда редакциялық сипаттағы және заң техникасы бойынша түзетулер бар.

Заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды.

Бөлісу