Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Қорғаныс-өнеркәсіп кешені туралы» депутаттық сауалы

13.03.2025 134

Біздің депутаттық сауал Үкімет басшысы Олжас Абайұлы Бектеновқа жолданады.

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

Осы депутаттық сауалмен қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен мемлекеттік қорғаныс тапсырысы жүйесін дамытудың кейбір мәселелері көтерілуде.

Мемлекет басшысы өз сөзінде елдің қорғаныс-өнеркәсіптік әлеуетін нығайту мен арттырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын.

Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар аталған саланың жай-күйін айтарлықтай жақсартпағанын, ал санкциялық шектеулер бар проблемаларды шиеленістіргенін мойындау керек. Олардың бірқатарына тоқталып өтейік:

1. Әскери мақсаттағы тауарларды сертификаттау.

Әскери және қосарлы мақсаттағы өнімдерді, процестер мен қызметтерді стандарттау мәселелері «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Заңмен реттелгені белгілі. Дегенмен, бірнеше жыл бойы әскери ұлттық стандарттарды бекіту бойынша жұмыс тиісті түрде жүргізілмеген.

Мәселен, бүгінгі күнге дейін өндірілген түрлі модификациядағы броньды доңғалақты техника бейімделмеген полигондарда сынақтан өтуде.

Мұның себептерінің бірі еліміздің аумағында тиісті құзыреттерге ие аккредиттелген ұйымдар мен сынақ зертханаларының (полигондарының) болмауы. 

2. Қорғаныс-өнеркәсіп объектілерін қаржыландыру.

Ең озық технологиялар әрқашан әскери өнеркәсіпте болғанын бәрі біледі. Шын мәнінде, бұл инновациялық ғылымды қажет ететін сала. Осы салада қандай да бір елеулі жетістіктерге жету үшін айтарлықтай қаржылық шығындар қажет.

Алайда, қазіргі уақытта қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдары экономиканың басқа салаларындағы кәсіпорындардан айырмашылығы қару-жарақ пен әскери техниканы өндіруге, сатуға, техникалық қызмет көрсетуге байланысты жобаларды іске асыру үшін қарызға қаражат тарту мүмкіндігінен айырылды.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қорын құруды тапсырды, оның мақсаты отандық ғылыми-техникалық әзірлемелер мен қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын жаңғыртуды қаржылай қолдау болып табылатын.

Қор құрылғаннан бері 1,5 жылдан астам уақыт өтті. Сол уақыт ішінде Қордың қорғаныс-өнеркәсібінің отандық кәсіпорындарын қаржыландыруы бойынша қандай да бір маңызды жобалар байқалмайды, жобаларды қаржыландыру шарттары да белгісіз.

3. Индустриялық сертификатты және/немесе аккредиттелген ұйымның қорытындысын беру жөніндегі талаптарды алып тастау.

Заңға сәйкес мемлекеттік қорғаныс тапсырысы орындаушыларын таңдау әскери немесе қос мақсаттағы тауарларды отандық өндірушілер тізіліміне және әскери мақсаттағы жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық жеткізушілер енгізілген өндірушілер қатарынан жүзеге асырады.

Сонымен қатар, тізілімге енгізу үшін өндіруші бірқатар біліктілік талаптарына сай болуы керек.

Алайда, бұл талап ақылға қайшы келеді – өйткені компания мемлекеттік қорғаныс тапсырысы тізімінен өнім шығарып, оны мемлекеттік қорғаныс тапсырысынан басқа еш жерде сата алмайды. Сондай-ақ, тауарлар бойынша өндірістік желіні мемлекеттік қорғаныс тапсырысы тізбесінен іске қосу үшін отандық өндіруші мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындауға тапсырма алуы қажет.

Өндірушінің бұл талапты орындауы елеулі қиындықтар және қаржылық шығындар мен тәуекелдер тудырады.

Осылайша, қалыптасқан жағдай қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің жаңа кәсіпорындарын құруға кедергі келтіреді, бәсекелестікті азайтады және отандық өндірісті дамыту мүмкіндіктерін шектейді.

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, келесіні сұраймыз:

1. Әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу және бекіту жөніндегі істердің жай-күйі туралы хабардар ету.

2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мүддесінде өндірілетін қару-жарақ пен әскери техниканың броньды қорғанысының мәлімделген сипаттамаларына сәйкестігін тексеру жөніндегі сертификаттау орталығын құру мәселесін қарау.

3. Қордың қызметі туралы, оның ішінде Қор қаржыландырған жобалар және Қордың негізгі міндеттерін іске асыруға бағытталған басқа да шаралар туралы ақпарат беру.

4. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидаларынан отандық тауар өндірушілердің индустриялық сертификатты және/немесе аккредиттелген ұйымның қорытындысын беруі жөніндегі талаптарды алып тастау мәселесін қарау.

Депутаттық сауалға заңда көрсетілген мерзімде жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.

Депутаттық сауалдың толық нұсқасы жазбаша ұсынылады.

 

 

Құрметпен, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері

Бөлісу