Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«ART Sport туралы» депутаттық сауал

10.04.2025 145

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А. БЕКТЕНОВКЕ

 

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамыту және балаларды спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелермен қамту мақсатында 2021 жылдан бастап «ART Sport» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама жан басына қаржыландыру қағидаты бойынша жұмыс істеп, балалардың тегін спорттық және шығармашылық үйірмелерге қатысуына мүмкіндік беруі тиіс болатын.

Алайда, бағдарлама басталғаннан осы күнге дейін оны іске асыру барысында еліміздің барлық өңірлерінде қаржының тиімсіз жұмсалуы, спорттық инфрақұрылымның талаптарға сай болмауы, қызмет көрсетушілердің заңсыз әрекеттері, жүйелі бақылаудың әлсіздігі секілді күрделі проблемалар анықталып келеді. Сондай-ақ, бұл мәселе Сенатта алғаш рет көтеріліп отырған жоқ.

Осы ретте, кейде ойлайсың: «ART Sport» денсаулықтың кепілі ма әлде дерті ма?» - деп, түсініксіз!

Сол проблемалық мәселелердің бірқатарына тоқталып өтейік:

Бірінші. Қаржы жымқыру және жалған ақпарат беру фактілері.

Кейбір кәсіпкерлер балаларды үйірмелерге формалды түрде тіркеп, сабақ өткізбесе де мемлекеттен қаржы алған. Балалардың сабаққа қатысуын растайтын электрондық жүйе болмағандықтан, жалған мәліметтер ұсынылып, бір топтағы балаларды бірнеше секцияға қатысып жатыр деп көрсетіп, бюджеттен артық қаржы алуы анықталған.

 

 

Екінші. Спорттық инфрақұрылымның талаптарға сәйкес келмеуі.

Көптеген спорттық нысандарда ыстық су, душ, ауа желдеткіші, өрт қауіпсіздігі жүйелері жоқ. Оқу-жаттығу процесіне қажетті құрал-жабдықтар жетіспейді. Жаттықтырушылардың біліктілігі төмен, олардың көпшілігі тиісті сертификаттарға ие емес.

Үшінші. Өңірлердегі теңсіздік.

Ауылдық жерлерде спорттық секциялар жеткіліксіз, ал балалар ірі қалаларға қатынай алмайды және қаржыландыру тетіктерінің жетілдірілмеуі салдарынан кейбір өңірлерде бағдарлама жартылай немесе толық тоқтап қалған. Мәселен, осындай заңбұзушылықтар Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Павлодар облыстарында тіркелген.

Бұдан өзге, ҚР Бас прокуратурасының ақпаратына сәйкес,                                         2022-2023 жылдары бағдарлама аясында түрлі заңбұзушылықтар бойынша                              38 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, 43 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 600-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, оларға тиесілі қаражат қайтарылды. Сондай-ақ, 22 қылмыстық іс қозғалып,                   8 адам сотталды.

Ең сорақысы – республика бойынша іс жүзінде сабаққа қатыспаған                      8 мыңнан астам баланың тіркеуі белгілі болды. Сонымен бірге, 164 секция санитарлық талаптарға сай келмейтін жертөлелерде, пәтерлерде және жабдықталмаған залдарда өткізілген. Бағдарламаның сапасын бақылау тетіктерінің жоқтығы оның негізгі мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік бермеген.

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

«ART Sport» бағдарламасы – бұқаралық спортты дамытуға бағытталған маңызды бастама. Алайда, оның тиімді іске асырылуын қамтамасыз етпесек, бөлінген қаражаттың тиімділігі төмендейді, ал балалар сапалы спорттық білім алудан шет қалады.

Осыған орай, Үкімет тарапынан нақты шаралар қабылдап, бағдарламаға төмендегідей өзгерістер енгізуіңізді сұраймыз:

1) «Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу арқылы мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруды аудандық және қалалық деңгейге беру;

2) ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 27 сәуірдегі №120 және №121 бұйрықтарына әрбір балаға қатысудың электрондық табелін «биометриялық» технология арқылы растау нормасын енгізу;

3) спорттық секцияларға балаларды географиялық орналасу қағидасына сәйкес әділ бөлу механизмін енгізу;

4) спорттық ғимараттарға қойылатын талаптарды қатаңдату, барлық нысандардың спорттық, санитарлық және қауіпсіздік нормаларына сәйкестігін қамтамасыз ету;

5) бағдарлама аясында бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланған кәсіпкерлерге қатаң санкциялар қолдану, қайталанған жағдайда мемлекеттік тапсырыстан шеттету.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының                         27-бабына сәйкес, жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.

 

 

Құрметпен,

Г. ШИПОВСКИХ

 

Е. БОЛЬГЕРТ

 

З. КУЗИЕВ

 

М. ҚОЖАЕВ

 

Н. НИЯЗОВА

 

А. НҰҒМАНОВ

 

Ғ. САРЫБАЕВ

 

А. САТВАЛДИЕВ

Бөлісу