«Бұзақылық фактісі туралы» депутаттық сауал
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А. БЕКТЕНОВКЕ
Құрметті Олжас Абайұлы!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде елімізде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өткен болатын.
«Бейбіт елде ғана береке бар» дейді дана халқымыз. Қоғамның тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі – мемлекет тұрақтылығының берік іргетасы. Алайда, соңғы уақытта ел ішінде ұрлық, орынсыз жанжал, бейәдеп әрекеттер мен көпшілік алдында жұдырық жұмсау секілді келеңсіз көріністер жиілеп кетті. Мұндай бұзақылықтар қоғамда үрей тудырып, жұртшылықтың әділет пен тәртіпке деген сенімін әлсіретуде.
Соңғы жаңалықтарға сәйкес, тіпті әкім орынбасарының өміріне қастандық жасау фактісі де тіркеліп отыр. Сондай-ақ, мектептердегі бұзақылық өршіп тұр, «балалар мектепке оқуға бара ма, әлде біреуді ұруға немесе төбелесуге бара ма?» – түсіну қиын!
Қазақ «Ұят кімде болса – иман сонда» деп бекер айтпаған. Өкінішке қарай, қоғамдағы мұндай теріс әрекеттер тыныш өмірдің тамырына балта шабуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды.
Бұзақылықтың алдын алу – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның, әсіресе мемлекеттік органдардың ортақ міндеті болуы тиіс.
Ресми статистикаға назар аударайық. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының ақпаратына сәйкес, ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы – бұзақылық бойынша 2010 жылы 26 адам сотталса, 2024 жылы 460 адам сотталған.
Сол сияқты, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы – ұсақ бұзақылық бойынша 2022 жылы 15 282 іс тіркелсе, 2023 жылы 17 429 іс, ал 2024 жылы 21 917 құқық бұзушылық тіркелген.
Өкінішке қарай, бұл құқық бұзушылықтар қоғамда кең таралып, статистика жылдан-жылға өсіп отыр. Тұрмыстық ортада, мектептерде, қоғамдық көліктер мен көшелерде мұндай жағдайлар жиі кездесіп, азаматтардың өміріне қауіп төндіруде.
Бұзақылықтың алдын алу тетіктерінің әлсіздігі, бейнебақылау жүйелерінің жеткіліксіздігі, сондай-ақ профилактикалық жұмыстардың формалды түрде жүргізілуі – бұл жағдайдың негізгі себептері болып табылады.
Біз ел ішіндегі тәртіпті сақтау арқылы ғана әділетті қоғам орнатып, өркениетті мемлекетке айнала аламыз. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөздің мәні де осында.
Құрметті Олжас Абайұлы!
Қоғамдық тәртіп пен азаматтық қауіпсіздік – әлеуметтік тұрақтылықтың негізі. Бұзақылыққа қарсы күресті күшейту үшін Үкімет тарапынан нақты шаралар қабылдау қажет.
Осы ретте, келесіні ұсынамыз:
1) бұзақылық пен ұсақ бұзақылықтың алдын алу жөніндегі кешенді ұлттық жоспар қабылдау;
2) жергілікті атқарушы органдар мен ішкі істер органдарының профилактикалық жұмыстарын күшейту, учаскелік полиция инспекторларының әлеуетін арттыру;
3) жастар арасында тәртіп пен жауапкершілікті күшейтетін, отбасылық тәрбие мен мектептегі моральдық-этикалық құндылықтарға негізделген жаңа бағдарламалар әзірлеу;
4) қоғамдық орындарда бейнебақылау жүйелерін кеңейту арқылы құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтау мүмкіндігін арттыру;
5) бұзақылық жасағандарға жазаны қатаңдату мәселесін қарастыру, әсіресе қайталанған құқық бұзушылықтар үшін.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес, жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
Г. ШИПОВСКИХ
Е. БОЛЬГЕРТ
Б. ЖЕКСЕНБАЙ
З. КУЗИЕВ
Д. ҚЫДЫРӘЛІ
Н. НИЯЗОВА
А. НҰҒМАНОВ
Ғ. САРЫБАЕВ
А. САТВАЛДИЕВ