Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Блогерлердің қызметін заңнамалық реттеу туралы» депутаттық сауалы

04.09.2025 136

Қазақстан Республикасының

Қаржылық мониторинг

агенттігінің төрағасы

Ж.Қ. ЭЛИМАНОВҚА

 

 

Құрметті Жанат Қалдыбекұлы!

 

Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға және жастарды осы салаға тартуға бағытталған.

Десек те, соңғы уақытта адал еңбек етіп жүрген азаматтарымыздан бөлек, әлеуметтік желілер кеңістігінде кейбір блогерлердің заңсыз жеңіл ақша табу үрдісі күрт көбейіп кетті. Әсіресе, олардың онлайн-казино, жалған ұтыстар (гивтер), курстар және күмәнді қаржы айналымдарын насихаттауы кеңінен етек алып отыр. Бұл құбылыс халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына айтарлықтай зиян тигізіп, жастар арасында құмар ойынға тәуелділік, отбасылық дағдарыс және көлеңкелі қаржы айналымының өсуіне әкелуде.

Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сүйенсек, соңғы екі жарым жылда елімізде 205 астыртын казино жабылып, 224 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл – атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі екені анық. Дегенмен, қазіргі таңда негізгі қауіп шетелде тіркелген онлайн-казино платформаларынан туындап отыр. Олардың қызметі еліміздің заңнамасына сәйкес толық тыйым салынғанына қарамастан, 17 мыңнан астам сілтеме биылғы жылдың өзінде бұғатталса да, олардың қызметі жаңа «айна» сайттар арқылы жалғасуда.

Осы ретте, ерекше алаңдатарлық жағдай – кейбір блогерлердің заңсыз қызметке белсенді атсалысуы. Тек биылғы жылдың өзінде 34 блогер онлайн-казино жарнамалағаны анықталған, оның 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 23-і бойынша материалдар Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған. Олардың ішінде кейбірі бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылса да, заңсыз әрекетін жалғастыруда. Себебі қарапайым айыппұлдар оларды тоқтатуға жеткіліксіз, заңсыз жарнамадан түсетін миллиондаған пайда төленген әкімшілік жазадан әлдеқайда асып түседі.

Сонымен қатар, жалған гивтер мен өтірік курстар қазіргі таңда әлеуметтік желілерде жиі кездесетін алдау тәсілдерінің бірі болып отыр. Көп жағдайда олар адамдарды жеңіл жолмен пайда табуға немесе жылдам жетістікке жетуге уәде беріп, сенімін теріс пайдаланады. Мысалы, жалған гивтерде қымбат сыйлықтар немесе қаржылай ұтыстар уәде етіліп, қатысушылардан түрлі шарттарды орындау талап етіледі, бірақ соңында уәде етілген сыйлықтар берілмей, тек парақша иелерінің жазылушылары артады.

Өтірік курстар да осыған ұқсас әдіспен жұмыс істейді: олар қысқа уақытта үлкен табысқа жетуге немесе күрделі дағдыларды оңай үйренуге көмектесеміз деп уәде етеді. Алайда, мұндай курстардың көпшілігі сапасыз, ғылыми негізі жоқ немесе мүлде пайдасыз ақпарат ұсынады. Нәтижесінде, адамдар өз уақытын да, қаржысын да жоғалтып, күткен нәтижеге қол жеткізе алмайды.

 

Құрметті Жанат Қалдыбекұлы!

 

Жоғарыда аталған деректерге сүйене отырып, келесі мәселелерді көтергіміз келеді:

1) қазіргі уақытта заңсыз онлайн-казино және күмәнді гивтерді жарнамалаған блогерлерге қолданылып жатқан әкімшілік айыппұлдардан бөлек, қылмыстық жауапкершілік тетігін толыққанды іске қосуды;

2) әлеуметтік желілерде жиі ұйымдастырылатын ұтыс ойындары мен гивтердің заңдылығын тексеру үшін арнайы мониторинг жүйесін енгізуді;

3) блогерлердің жарнамалық қызметін реттеуге және заң алдындағы жауапкершілігін арттыру үшін оларды лицензиялау немесе арнайы реестр құру;

4) заңсыз жарнаманы таратушылармен қатар, осы қызметке делдалдық жасап отырған төлем ұйымдары мен жарнамалық агенттіктердің қызметіне мониторинг жүргізу.

Аталған шаралар қоғамды заңсыз жарнамадан қорғауға, блогерлердің жауапсыз әрекеттерін тежеп, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының                         27-бабына сәйкес, жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.

 

 

Құрметпен,

Г. ШИПОВСКИХ

Ж. АСАНОВА

 

Е. БОЛЬГЕРТ

 

Б. ЖЕКСЕНБАЙ

 

З. КУЗИЕВ

 

М. ҚОЖАЕВ

 

Д. ҚЫДЫРӘЛІ

 

Н. НИЯЗОВА

                                                                                             

А. САТВАЛДИЕВ

Бөлісу