Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

«Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық аурухана туралы» депутаттық сауал

02.10.2025 151

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А. БЕКТЕНОВКЕ

 

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде ерекше әрі стратегиялық маңызы бар жалғыз мемлекеттік мекеме – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің                  «Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық ауруханасы» жұмыс істейді. Бұл мекеме – қоғам үшін аса қауіпті істер жасаған, психикалық ауытқулары бар адамдарды сот шешімімен мәжбүрлі емдеуге жіберетін жалғыз орталық.

Бұл аурухана Алматы облысы, Талғар ауданы, Ақтас ауылында орналасқан. Сондай-ақ, мекеменің елдің ең ірі мегаполисі Алматы қаласынан 35 шақырым жерде орналасуы ерекше назарды талап етеді. Мұнда еліміздегі ең қауіпті контингенттері, яғни террористік және экстремистік ұйымдардың қатысушылары, шетелдік соғыс қақтығыстарында болғандар, кісі өлтірушілер, каннибалдар, педофилдер және өзге де аса ауыр қылмыс жасағандар мәжбүрлі түрде емделіп жатыр. Олардың 83%-ы психикалық сырқатынан мүгедек деп танылған.

Алайда, мұндай стратегиялық нысанның қазіргі жағдайы жан ауыртарлық. 1972 жылы салынған ғимаратта әлі күнге дейін капиталды жөндеу жүргізілмеген. Палаталар тар, пандустар мен лифтілер жоқ, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келмейді. Ғимараттар сейсмоқауіпті аймақта орналасқанымен, сейсмокүшейту жұмыстары жүргізілмеген. Алдағы жер сілкінісінің қаупі – аурухана үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де өте үлкен қатер.

 

Одан бөлек, мекемеде қоршау талаптарға сай келмейді. Бұл – қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды мәселе. Өйткені мұндағы науқастардың арасында атышулы қылмыскерлер де бар. Айталық, көпшілікке танымал, отандық «5:32» фильміндегі кейіпкерлердің прототипі дәл осы мекемеде мәжбүрлі ем алып жатыр. Демек, бұл тек медициналық мәселе емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін ескергеніміз жөн.

Оған қоса, мекемеде кадр тапшылығы ушығып тұр: штаттық                           750 орынның тек 647-сі ғана толтырылған. Әсіресе кіші медициналық қызметкерлер мен шаруашылық саласы мамандары арасында кадр тұрақтамауда. Негізгі себеп – төмен жалақы мен әлеуметтік пакетінің жоқтығы. Қызметкерлердің жүктемесі ауыр, бірақ еңбекақысы ең төмен деңгейде қалып отыр.

Осының барлығы – стратегиялық нысанның тұрақты әрі қауіпсіз қызметіне үлкен қатер төндіреді. Ал ең сорақысы – осындай жағдайда біз қоғам үшін аса қауіпті адамдарды бақылауда ұстап отырмыз.

 

Құрметті Олжас Абайұлы!

 

Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, төмендегі мәселелерді шұғыл қарастыруды сұраймыз:

1) «Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық аурухананы» стратегиялық маңызы бар объектілердің қатарына енгізу;

2) жаңа 300 орындық корпустың құрылысын бастау, негізгі қоршауды қайта салу, сонымен бірге қолданыстағы ғимаратқа капиталды жөндеу және сейсмокүшейту жұмыстарын жүргізу;

3) Үкімет қаулысына өзгеріс енгізіп, мекеме қызметкерлеріне төленетін қосымша төлемді арттыру, әлеуметтік пакетпен қамту;

4) инженерлік жүйелерді (сумен қамту, жылу, канализация, электр жабдықтары) жаңарту үшін инвестициялық жоба әзірлеу және қаржыландыру.

Бұл мәселе – қарапайым мекеменің жағдайы емес. Бұл – қоғам қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін, ұлттық мүддеге қатысты нысанның тағдыры. Кешенді шаралар дер кезінде қабылданбаса, біз қайталанбас қасіретке тап болуымыз мүмкін.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының                         27-бабына сәйкес, жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.

 

 

Құрметпен,

Г. ШИПОВСКИХ

 

Е. БОЛЬГЕРТ

 

З. КУЗИЕВ

 

Д. ҚЫДЫРӘЛІ

 

Н. НИЯЗОВА

 

А. НҰҒМАНОВ

 

Ғ. САРЫБАЕВ

                                                                                             

А. САТВАЛДИЕВ

Бөлісу