Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар терроризм мәселесіне арналған халықаралық парламенттік конференцияға қатысты

15.04.2021 557

Бүгін «COVID-19 пандемиясы жағдайындағы жаһандық сын-қатерлер мен қауіптер. Терроризм және зорлық-зомбылық экстремизмі» тақырыбына арналған Халықаралық парламенттік конференция өтті. Оған онлайн-форматта Сенаттың Вице-спикері Нұрлан Әбдіров бастаған қазақстандық сенаторлар қатысты.

Конференцияда сөз сөйлеген Сенат Төрағасының орынбасары терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл халықаралық күн тәртіптегі аса маңызды мәселелердің бірі, ал олармен күрес қазіргідей дағдарыс жағдайында да өзектілігін жойғанын айтты.

«Экстремизм мен терроризм қаупі халықаралық қауіпсіздікке деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертті. Терроризм шекара таңдамайды, елдерді бай және кедей деп бөлмейді. Біз Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің барлық сын-қатерлерді еңсеріп, одан әрі дамуына бірлік пен ынтымақтастық қана негізі бола алатынына сенімдіміз. Халықаралық аренада барлық күш-жігерді ынтымақтастық пен серіктестік рухын сақтау үшін жұмсау маңызды», - деді Нұрлан Әбдіров.

Ол Қазақстанның терроризмге қарсы күрестегі тәжірибесі туралы да айтып берді. Нұрлан Әбдіров негізінен балалар мен әйелдерден тұратын еліміздің 600-ден астам азаматын Ирак пен Сириядан алып шығуға мүмкіндік берген «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операцияларының сәтті өткізілуін мысалға келтірді.

Сенат Вице-Спикерінің пікірінше, бүгінде кибертерроризм бүкіл адамзат үшін айқын қауіпке айналуда. Ол терроризмге қарсы күресте кең ауқымды ағарту жұмыстарын жүргізу қажеттігіне сенімді.

Сонымен бірге, Нұрлан Әбдіров Қазақстанда терроризм мен экстремизмнің кез келген формасын айыптайтынын қадап айтты. Оның сөзінше, біздің еліміздің ұстанымы – осы бір қауіп-қатерге мүлде төзбеушілік таныту, олармен күрестің кез-келген формасын қолдану.

«Еліміздің Парламенті БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрес жөніндегі бірқатар әмбебап құқықтық құралдарын ратификациялады, ұлттық терроризмге қарсы заңнама үнемі жетілдірілуде. Қазақстан БҰҰ-ның барлық 19 әмбебап контртеррористік құралдарын ратификациялаған алғашқы 4 елдің бірі екенін атап өткім келеді», - деді Нұрлан Әбдіров.

Конференция шеңберінде қатысушылар терроризмге қарсы іс-қимылдағы халықаралық ынтымақтастықтың құқықтық тетіктері, террористік қауіп-қатерді бағалау және зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу жөніндегі күш-жігер, сондай-ақ терроризм құрбандарының құқықтарын қорғау және олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мәселелерін талқылады.

Аталған конференцияға сенаторлар Қайрат Қожамжаров, Нұржан Нұрсипатов, Ғұмар Дүйсембаев, Сұлтанбек Мәкежанов және Ақмарал Әлназарова қатысты.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Фото: С. Майлыбаев)

Бөлісу