Сенат депутаты С.Т. Медебаевтың Ұлытау облыстық Полиция департаментінің ғимаратын қажетті кешендермен салу мәселесіне қатысты депутаттық сауалы
Рахмет, құрметті Мәулен Сағатханұлы!
Құрметті әріптестер!
Депутаттық сауал Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Абайұлына жолданады.
Құрметті Олжас Абайұлы!
Біздің депутаттық сауалымыз Ұлытау облысының 2 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Полиция департаменті ғимаратын, сондай-ақ оның қызметкерлеріне медициналық қызмет көрсететін емхана мен госпиталь салу мәселелеріне арналады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылдың басында Ішкі Істер Министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында: «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет және жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс, ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет» екендігін атап өткен болатын.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 3 мамырдағы №887 Жарлығына сәйкес Ұлытау облысы құрылғаннан кейін облыстық Полиция департаменті Жезқазған қаласында өз жұмысын бастады.
Сол жылдың желтоқсан айынан бастап Полиция департаменті «Қазақмыс Корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жалға берілген ғимаратқа орналастырылды.
Алайда жалдап отырған ғимарат заманауи техникалық талаптарға сәйкес өткізу-бақылау бекетімен, азаматтарды қабылдауға арналған орынмен жедел басқару орталығы және әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстауға қажетті арнайы орындармен, оқу-жаттығу залдарымен, тиісті коммуникациялық желілермен, ақпараттық және байланыс қондырғысына арналған сервермен, басқа да қажетті орындармен және құрылғылармен жабдықталмаған.
Жоғарыда аталған себептер Облыстық полиция департаментінің жүктелген міндеттерін тиісті деңгейде атқаруына кедергі келтіріп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыруда қиындықтар туғызуда
Осы мәселеге байланысты, Ішкі істер министрлігімен 2023-2024 жылдары аралығында Ұлытау облысы әкімінің алдында Облыстық полиция департаменті үшін жер учаскесін бөліп, әкімшілік ғимарат салу немесе дайын объектіні беру туралы мәселе көтерілген болатын.Алайда, Ұлытау облысы әкімдігі тарапынан жергілікті бюджетте бұл мақсатқа қаржы қарастырылмағандығы туралы жауап алынды.
Сондықтан Полиция департаментінің қызметін толыққанды жүзеге асыруы үшін және оның қызметін іске асыруды қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшелерді толығымен орналастыруға мүмкіндік беретін ғимарат әлі күнге дейін салынбай отыр.
Осыған орай, Полиция департаментін заманауи талаптарға сәйкес ғимаратпен қамтамасыз ету жағдайы қарастырылса, халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімі артып, оның қызметі ретке келіп, тиімділігі артар еді және тәуелсіздігі қамтамасыз етілер еді.Сонымен қатар, полиция қызметкерлеріне медициналық қызмет көрсететін емхана мен госпитальдің ғимараттарын салу мәселесі де осы уақытқа дейін шешілмей келеді.
Құрметті Олжас Абайұлы, жоғарыда аталған мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, Сізден Ұлытау облысы Полиция департаментіне қажетті құрылыс кешенінің, сондай-ақ оның қызметкерлеріне медициналық қызмет көрсетуге қажетті емхана мен госпитальдің салу мүмкіндігін алдағы уақытта, оның ішінде бюджетті нақтылау кезінде, қарастыруыңызды сұраймын.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймын.
Құрметпен,
С. Медебаев
С. Шайдаров